Алматы облысы Шелек ауылында кәріз құбырын тарту жұмысы созбаққа салынып, 10 жыл өтсе де бітетін түрі жоқ. Бұл шаруамен айналысып келе жатқан мердігер компания бастапқыда бюджеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз деп, істі аяқсыз қалдырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыры жылдарға жалғасқан кәріз жүйесіне қатысты мәселе әлі шешімін таппай келеді. Инженерлік желіні орнату үшін мердігер 22 шақырым жерді қазып, шаруаны аяқсыз қалдырған. Ауыл тұрғындары құбырлар жиі жарылатынын айтып, шағымын жеткізді.
– Кәріз жүйесінде ақау бар, құбырдың бәрі ескірген. Көшелердің бәрі бұзылып жатыр, 10 жылдан бері құбырды жөндеп бітпеді. Құбырлар жарылып, суы көшені шайып кетеді, – деді Шелек ауылының тұрғыны Альбина Жомартова.
Ал 10 жылдан бері құбыр орната алмай жүрген мердігер бюджеттен ақша қайта бөлінген кезде құрылыс заттарының қымбаттап кеткенін айтып ақталды. Оған дейін тек кәріз тазарту құрылғысын орнатып үлгерген. Ал қалған жұмыс қаражаттың қайта есептелуін күтумен тоқтап қалған сыңайлы.
– Кәріз тазарту құрылғысы 1 миллиард 17 миллион теңге тұрады. Егер бұл ақшаны алдыңғы жылдары берген болса, оны бірден қояр едім. Бес жыл бойы бөліп-бөліп орнаттым. Жұмыстың біраз бөлігіне қаражатты қалтамыздан шығардық. Кез келген жоба 3 жылға есептелуі тиіс. Одан кейін бағасы, жұмысы өзгереді, сараптаманы күтеміз, – деді мердігер компанияның өкілі Артығали Миразов.
Жоба 2014 жылы басталып, оған 1 млрд 403 млн теңге бөлінген. Ал одан кейінгі 3 жылда қаржыландыру тоқтап қалған. 2018 жылы бюджет қайта қарастырылып, тиісті шаруа қолға алынған. Ал 2019 жылы мердігер бекітілген қаражаттың жеткіліксіз екенін айтып, әкімдікке жұмыстың тоқтатылуы жөнінде хаттама жіберген.
– Кәріз құбырының жұмысын тоқтатып, жоба қайта есептеуге сараптамаға өткізілді. Аудит тарапынан сараптама жүргізіліп, қажетті құжаттар дайындалды. Алдын ала болжам бойынша есептелген қаржы ұлғайды. Егер ақша бөлініп, жұмыс жүрмесе, құзырлы органдарға жүгінеміз, – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлібек Сайлаубайұлы.
Сайып келгенде инженерлік желілерді жүргізіп, жұмысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет. Жабдықтардың қымбаттауын есептегенде, оның құны шамамен 588 млн 850 мың теңге болады. Жауаптылар мемлекеттік сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Тексеру кезінде мамандар күрделі жөндеуден кейін 800 орындық мектептің мерзімінде тапсырылмағанын анықтаған. Жұмыс былтыр тамызда басталып, сәуірде аяқталуы тиіс еді.
Абай атындағы мектепте балалар сабақ өтіп, білім алу керек еді. Алайда құрылыстың бітетін түрі жоқ. Мердігер компания бір айда мектеп қолданысқа берілетінін айтқан. Бірақ ата-аналардың айтуынша, нысанның жаңа оқу жылында да ашылмайды. Қазір мектептің 688 оқушысы ауылдағы өзге 4 мектепке оқып жатыр.
– Білім басқармасы бүгінге дейін жұмыс аяқталады деп сендіріп келген. Бірақ келісімшарт екі айға созылған. Сондықтан мердігер компанияның айтуынша, 2 айдан кейін құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуге талон алған, – деді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов
Құрылысы сағызша созылған мектепке жауапты мердігерлер уәде еткен мерзімде шаруаны аяқтамаса, оларға қатысты тиісті шара қолданылады.
Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысынан
Оқи отырыңыз: Биыл жамбылдық диқандар судан тарығуы мүмкін