Бұрын 10 сотық жерді сатып алған тұрғындардың да тегін жер алуға мүмкіндігі бар
Мемлекеттен жеке тұрғын үй салу үшін тегін алған 10 сотық жер үй салуға жарамсыз болса, қайта кезекке тұруға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мұндай жағдайға тап болған азаматтарға не істеу керегін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов түсіндірді.
«Ондай жағдайда сіз жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін берілген жер учаскесінен бас тартып, қайтадан кезекке тұра аласыз», – деді Мұрат Теміржанов.
Ведомство басшысы жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер кезегінің сақталуын қай орган қадағалайтынын да атап өтті.
«Жергілікті атқарушы органдар жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арналған кезек тізімі туралы ақпаратты тоқсан сайын кемінде бір рет арнайы ақпараттық стендте және бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялауға міндетті», – деп жазады Мұрат Теміржанов.
Аталмыш ведомствоның мәліметі бойынша, бұрын 10 сотық жерді сатып алғандар да тегін жер кезегіне тұра алады.