Бұдан былай бала зорлағандар өмір бойы сотталады

30.12.2019 18:31

Педофилия фактілерін хабарламаған, жасырған және бұрмалағандар 6 жылға дейін сотталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы реттегі заңға қол қойды. Атап өту керек, енді кәмілетке толмағандарға есірткі саудалағандар да бүкіл өмірін түрмеде өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.

«ҚР Заңы арқылы зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері орташадан ауыр санатқа ауыстырылды. Жаза 5 жылдан 8 жылға дейін күшейтілді. Осыған дейін қос тараптың ымыраға келуіне, істі сотқа жеткізбеуге мүмкіндік берілетін. Енді бұл санаттағы қылмыс бойынша мәмілеге келуге тыйым салынып отыр. Ал жас балаға қатысты зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген», – деді  ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.

Брифингте жас өспірімдерді өлтіргені үшін де осындай жаза берілетін болды. Педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны және бұрмалағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да бар. Ал кәмілетке толмағандарға есірткіні түнгі клубтарда, дәмханалар мен саябақтарда, немесе интернет арқылы саудалағандар да өмір бойына бас бостандығынан айырылады.