Әкімнің тапсырмасына сәйкес Алматының 300 көшесіне жарық берілді. Негізінен жарық желілері Бостандық, Жетісу, Түрксіб, Алатау аудандарындағы бұрын жарығы болмаған көшелерге тартылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қаланың қараңғы көшелерінің 30% жарықтандыруға мүмкіндік береді. Алматыда жарығы жоқ 1073 көше бар. Қаланың шет аймақтарындағы 744 көшені жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда, жоба 2020-2021 жылдары іске асады.
Мегаполисте 217 көшені жартылай жарықтандыру шаралары қолға алынған. Көшелерді қажетті жарық көздерімен толық қамтамасыз ету келесі жылға жоспарланған.
Айта кетерлігі, барлық аулаларға энергия жинақтаушы жарық диодты шамдар орнатылады, бұлар бұрынғыларға қарағанда электр энергиясын 15%-ға үнемдейді. Бұдан өзге, LED шамдары кез келген затты табиғи және анық көрсетеді.