Полиция жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады
Алматыда жыл басынан бері мопедтер мен самокаттардың қатысуымен 463 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Апат салдарынан 500 адам жарақат алып, 7 адам қаза тапқан. Ал 68 жағдайда бұл көлік түрін кәмелет жасына толмаған балалар жүргізген. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта 10 мыңнан астам мопед жүргізушісі мен 7 мыңнан астам самокат тізгіндеген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал мамандандырылған айыппұл тұрағына 384 мопед қойылды.
- Барлық жерде мотокөлік пен самокат пайдаланушыларымен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Рейдтік іс-шаралардың мақсаты – олардың жүруіне тыйым салу емес, олардың жауапкершілігін еске салу, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыру және көлік жүргізу мәдениетін үйрету, - дейді Полиция департаменті ЖПҚБ патрульдік полиция полкы командирі міндетін атқарушы Михаил Кан.
Оқи отырыңыз:Алматы полициясы шулы мопедтерді ұстады