Ұлытау облысындағы жел электр стансасының құрылысы қашан аяқталады

30.07.2024 18:35

Кәсіпорын іске қосылғанда 11 маман тұрақты жұмысқа орналасады

Almaty.tv

Ұлытау облысында жел электр стансасы салынып жатыр. Құны 24 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобаның құрылысы жыл соңына қарай аяқталады. Осы арқылы баламалы көздерден энергия алып қана қоймай, Ұлытау өңірінде қоршаған ортаның жайын жақсарту көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арнайы аумақта құрылыс жұмыстары басталып, 16 генератордың әрқайсының жеке іргетасы құйылып жатыр. Құрылғылар орнатылған соң желден энергия алынып, Сәтбаев қаласындағы қосалқы стансаға жіберіледі.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын 100 мегаватт баламалы энергия өндіруді мақсат етіп отыр.

– 2024 жылы наурыздың аяғында Сәтбаев қаласында «Мезгілдер күштері» атты трансформаторлық бөлімшенің құрылысы басталды. Үлкен жоба, 16 генератор салынады. Ебелек арқылы  шығарылған тоқ осы жерге келіп, қазақстандық KEGOC жүйесінде тоқ беріледі, – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Алмат Саухимов.

Аталған нысан жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарына 50 шақты адам жұмылдырылған. Кәсіпорын іске қосылғанда 11 маман тұрақты жұмысқа орналасады деп көзделген. Тың жоба қазақстандық және қытайлық 3 компанияның бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр. Басқармадағылар Жаңаарқа ауданында тағы бір станция салу жоспарланғанын қуана хабарлады.

– 2025 жылы Жаңарқа ауданында 1000 мегаваттық жел электр стансасын орнату жоспарланып отыр. Құжаттары рәсімделіп жатыр. 20 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда жел бағытын анықтау үшін мұнара орнатылды, – деді Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Бөгенбаев.

Жел электр стансасының салынуы өңірдің энергетикалық қажеттілігін толықтай шешіп, оны республика көлемінде тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл – бір жағынан болашақта көмірден алынатын энергиядан бас тартудың тиімді жолы.

Айта кетейік, Жезқазғандағы индустриалды аймақта жел электр стансасына қажет қондырғыларды шығаратын зауыт ашу көзделген. Өндіріс орнында жылына 100 құрылғы құрастыру жоспарланып отыр.  

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Елдегі сүт өндірушілер қолдауға зәру