Жаңа нысан 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі
Елімізде табыс және мүлік декларациясын тапсыру тәртібі өзгеріп жатыр. Кірістер комитеті 270 форманың бірнеше бөлігіне түзету енгізілгенін айтты. Биыл жеке кәсіпкерлер, компания басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары табысын растау керек болған. Қазір есеп беру тәртібі өзгерді деген ақпарат тарағалы, көпшілік арасында «декларация тапсырмаса болады» деген түсінік қалыптасқан. Енгізілген өзгеріс жайында «Алматы» телеарнасының студия қонағы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Мұстафина айтады.
– Әсемгүл ханым, табыс және мүлік декларациясына қандай өзгерістер енгізіліп жатыр?
– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістер мен мүлік декларация 270 нысанда келесідей түзету енгізілді. Біріншіден, төлем көзіне салық салынатын көздерді көрсету міндеттемесі алынып тасталды. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайы емес жеке тұлғалар Қазақстан Республикасында орналасқан мүлікті сатып алу, иелігінен шығару деген мәліметтерді көрсетпейді. Үшіншіден, мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары Қазақстан Республикасында орналасқан және шетелде орналасқан мүліктерді көрсету және олардың сатып алу кірісін көрсетуі міндетті.
– Бұл өзгерістер не үшін қажет болды?
– Бұл өзгерістер декларация тәртібін жеңілдету және жеке тұлғалардың мүліктерді және кірістерді дұрыс көрсетпеу тәуекелдерін алып тастау мақсатында енгізілді.
– Декларацияның соңғы нұсқасы қашан қолданысқа енгізіледі? Азаматтар қалай тапсырып жатыр?
– Декларацияның жаңа нысаны биыл наурызда бекітілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде іске асырылып жатыр. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Ал ескі нысанды тапсырған жеке тұлғалар жаңа нысанды қайта тапсырудың қажеті жоқ.
Оқи отырыңыз: Мектеп оқушыларына тегін тамақ беріледі