Алматыдағы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында көпбалалы аналармен кездесу өтті

Алматыдағы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында көпбалалы аналармен кездесу өтті
Басқосуда көпбалалы аналардың мәселелерін шешу жайы талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімдігі көпбалалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балабақшаға жұмсайтын шығындарын екінші баладан бастап өз мойнына алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында көпбалалы аналармен өткен кезекті жиында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кездесуге жиналған аналар Алматы қаласының тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болса деген тілек білдірді. Алматылық аналар өз ұсыныстары нәтижесінде қалада шұғыл шаралар қолға алынғанын айтып отыр.

Алматыдағы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында аналардың қатысуымен кезекті алқалы отырыс өтті. Кездесуге келген барлық тұрғынның ұсыныс-тілектері тыңдалып, толғандырған сауалдарына жауап берілді. Көпбалалы аналардың түйткілі бұған дейінгі кездесулерде де көтеріліп, талданды. Саралай келгенде, сауалдардың басым бөлігі, яғни 93 пайызы әлеуметтік жәрдемақыға қатысты болған. Екінші кезекте тұрғын үй мәселесі тұр.  

«Бұл кісілер 17 жанұяның өкілдері. Мен кеше білім басқармасымен де сөйлестім.  Проблеманың бәрі жайлап шешіліп келеді. Енді менің сұрайтыным, әр ауданнан елдің, көпшілік аналардың мәселесін бір-бір келіншек шықса. Солармен бірігіп, көпбалалы отбасылар айрықша мұқтаж облып отырған мәселелер жайында жоғарғы жаққа жеткізіп, шешімін табуға жұмылсақ деген ой бар», – деген ұсынысын ортаға салды қоғам белсендісі Аида БҰҚАЕВА.

Айта кетерлігі, дәл осындай жиындар қаланың барлық ауданында ұйымдастыралып жүр. Әр тұрғанның базынасы ескерусіз қалмайды. Құзырлы мекемелер әр өтініш бойынша шешім жолдарын қарастырып жатыр.  

Дәл осы балабақша мәселесі бойынша жақында ғана Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәселені төтесінен қойған. Енді Алматыда көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың екінші баладан бастап балабақша шығынын өтеу жоспарланып отыр. Айта кетейік, қала әкімі «Нұр Отан» партиясы филиалының кезектен тыс конференциясында көпбалалы аналарды қолдау туралы ауқымды шараларды айқындады.

«Бүгінгі отырыста Алматы әкімінің орынбасары «барлық мәселені қолға аламыз, бірігіп шешімін табамыз» деді. Бастысы, сол мәселелер шешілсе екен деймін», – деді көпбалалы ана Ұлжалғас САТҚЫМБЕКОВА.

Алдағы уақытта қалада тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға көмек көрсетілмек. Төрт және одан көп балалар бар аналарға алғашқы жарнасын төлеуге жергілікті бюджеттен субсидия бөлінеді. Коммуналдық қызмет бойынша ыстық және суық су есептеуіш құралдарын орнатуға қарастырылған шығынын өтеу көлемі ұлғайтылмақ. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту және бір реттік әлеуметтік көмек көлемі де артады. Ұсынылған жүйелі шара арасында көпбалалы отбасыларға және қысқамерзімдік тегін курстар стипендиясын ұйымдастыру бар.

«Алматы қаласы көпбалалы аналар мәселесін республика бойынша бірінші болып бастап жатыр ғой. Сондықтан Алматының осы тәжірибесі болашақта басқа өңірлерге де үлгі болады деп ойлаймыз. Өйткені, бірден шұғыл, жылдам түрде жұмыс тобы құрылды. Яғни, жұмыс тобында 20-25 адам болса, оның бәрі тек әкімшілік адамдары ғана емес, Алматыдағы 8 ауданнан 8 адам және мені қосқанда 9 адам да сол комиссия құрамындамыз», – деп атап өтті қоғам белсендісі Сәуле ӘБЕДИНОВА.

Алматыда көпбалалы аналарға арналып «Бақытты отбасы» орталығы ашылады. Ол көпбалалы отбасылар мүддесіне жұмыс істейді. Орталық «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеп, тұрмысы төмен жанұяларға кешенді көмек көрсетуді көздейді. Оның ішінде, құқықтық және психологиялық кеңес те беріледі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта сауықтыруға көмек көрсетіледі. Тіпті, аталған орталыққа көпбалалы аналардың жұмысқа тұруына да жағдай жасалмақ.  

Перизат Көмекбайқызы, Айбану Анарбаева, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров