Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жарияланды
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Экономика министріне ескерту жасап, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасына сөгіс жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында Әлібек Қуантыров пен Асан Дарбаев Премьер-министрден сөз естіді. Үкімет басшысының айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар тарифті түзету және жаңғырту процесін бастау үшін қажетті құжаттаманы баяу дайындап жатыр. Алдағы жылыту маусымына дейін Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындау мақсаты тұр деген Премьер жауаптылардан сұрау қатты болатынын ескертті.
– Бұл процесті созбалаңға салуға болмайды. Желілер мен стансаларды күрделі жөндеу жұмыстарын жедел бастау маңызды. Бұл – кезек күттірмейтін міндет. Әсіресе, бұл – құрылыс маусымы қысқа және жылу беру кезеңі ерте басталатын солтүстік өңірлер үшін өзекті мәселе. Коммуналдық қызметтердің сапасына қатысты Президенттің және халықтың тарапынан орынды сын естіп келеміз. Алдымыздағы жылыту маусымында өткен қыста болған төтенше жағдайларға жол бермеу керек. Сұраныс қатаң болмақ, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.