Шекарашылар 7 миллион медициналық бетпердені сыртқа шығармақ болғандарды ұстады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары Олег Фисенко мәлімдеді, деп хабарлайды Amaty.tv.
Оның сөзінше, шекара бекеттерінде жолаушылар ағынының азайғанына қарамастан заң бұзушылықтар әлі де тыйылар емес.
«Өкінішке орай, пандемия мен шектеулер кезінде де заңбұзушылықтар азаяр емес. Біз 7 миллион бетперде, 20340 респиратор, 3 мың қорғаныш костюмдері, 4 миллион медициналық қолғапты сыртқа шығармақшы болғандардың жолы кестік», – деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі шекаралық бақылау департаменті бастығының орынбасары Олег Фисенко.
Брифингте сондай-ақ, Қазақстан шекарасынан кімдердің кедергісіз өте алатыны айтылды. 11 мамырдан бастап елімізде төтенше жағдайдың тәртібінің тоқтатылғанына қарамастан, қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін карантин талаптары сақталып отыр. Ведомствоаралық комиссиясының хаттамасымен мемлекеттік шекараны өткізу тәртібі бекітілді. Оның талабы бойынша санитарлық эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін шекарадан өтуге рұқсат жоқ.
Бұл шектеулер дипломаттарға, ұшақ пен теңіз кемелерінің экипаждарына, пойыз бригадаларына, жүк көліктерінің жүргізушілеріне қолданылмайды. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтары ел аумағына кедергісіз қайтып келуіне, шетелдіктерге ел аумағынан шығуға рұқсат берілген.