Жандарбек Бекшин кинотеатрлардың ашылуына байланысты пікір білдірді

20.10.2020 18:39

Мұндай шешім бірден қабылданбайды

brod.kz

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 26 қазаннан бастап кинотеатрлардың ашылуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«26 қазанға дейін (кинотеатрлардың ашылуы мерзімі - ескерту) жеткілікті уақыт бар. Біз мұны тағы қарастырамыз. Соңғы екі күнде ауру өсімі байқалып отыр. Аурудың таралу коэффициенті бірден асты. Алдағы уақытта не болатынын тағы байқаймыз. Егер ауру көрсеткіші өссе, барлық қауіпті талқылап, кинотеатрлардың дайындығын жеке қарастырып, тиісті шешімді қабылдаймыз. Бұл шешім бірден қабылданбайды. Сіздер локдаун болғанын қаламайсыздар ғой?» – дейді ол өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин сауда үйлерінің жұмыс істеуіне де байланысты ойын айтты.

«Сауда және ойын-сауық орталықтарында балалар алаңдарының жұмыс істеу мәселесі қаралмайды. Онда балалар ойнайды. Вирус таралып жатыр. Оларға және жастарға үлкен қауіп төнуі мүмкін. Бутиктердің санитариялық талаптар бойынша жұмыс істеуін қадағалаймыз», – дейді Алматы қаласының бас санитар дәрігері.