Алматыда кәсіпкерлердің мүліктік шығынын өтеу механизмі бекітілді

21.01.2022 19:17

Қалада кәсіпкерлер шығынын өтеу бойынша өтінім қабылдау басталды

Sputnik Kazakhstan

Алматыда зардап шеккен бизнес нысандарына келген залалды өтеу бойынша электрондық өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл туралы баспасөз отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде мүліктік шығынды өтеудің механизмі ресми түрде бекітіліп, қажетті құжаттардың нақты тізімі жасақталды. Енді залалды есептеу үш бағытта, атап айтқанда жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік және жабдық, ұрланған тауарлар бойынша жүзеге асырылады. Тек кәсіпкерлер қажет өтінімді рет-ретімен infokazakhstan.kz сайтына жолдауы қажет. Кейін өңірлік комиссия өтінімді 5 тәулік ішінде қарастырып, мақұлдау туралы шешім қабылдаған жағдайда қаражат 1 ай көлемінде бизнес иесінің шотына аударылады.

«Бұл шара Үкімет бекіткен 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу механизміне сәйкес іске асырылатын болады. Қажетті құжаттардың толықтығына көз жеткізу керек. Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда өңірлік комиссия мүліктік залалды өтеуден бас тарту туралы шешім шығаруы мүмкін», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.