Құқық бұзушылыққа кінәлілер заң алдында қатаң жауап береді
Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 9 мамырда заңсыз митингке қатысуға үгіт-насихат жүргізіліп жатуына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бас прокуратура бұған дейін осындай заңсыз жариялы акцияларды ұйымдастырғандар мен оған қатысқандар жауапқа тартылатынын ескерткен болатын.
«Алайда осы жылдың 1 мамырында кейбір азаматтар уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің ескертуін елемей, заңсыз митингілерге шығып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың құқықтық тәртіпке қайшы іс-әрекеттерінен азаматтардың демалуына және тыныштығына қауіп төнді», - деп атап өтті Болат Дембаев.
Оның айтуынша, митингілер ұйымдастырудың және өткізудің заңды тәртібін бұзуға жол берілмейді. Ал құқық бұзушылыққа кінәлілер заң алдында қатаң жауап береді.
Бас прокуратура қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге және мемлекеттің заңдарын бұзбауға шақырды.
Ал, Полиция департаментіндегілер болса қауіпсіздік шараларын қолданатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, шеру өтетін көшелерге арнайы бетон кедергілер орнату жоспарда бар.
«Сол шараларға қатысатын азаматтардың бостандығы мен құқықтарын сақтау мақсатында қауіпсіздік шаралары қолға алынады. Сондай-ақ, лаңкестік әрекеттерге қарсы іс-қимылдар жүргіземіз», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонан соң лаңкестік әрекеттерге қарсы іс-қимылдар жасалатын болады. Арнайы бетон құрылғылары қойылып жол бойына осындай лаңкестік әрекетті жасағысы келетін адамдарға тосқауыл қоятын боламыз.