Дәл қазір бізге өзара сенім мен диалог керек – Мәулен Әшімбаев

05.01.2022 18:43

Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді

inform.kz

ҚР Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте берген тапсырмалары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Кеңес барысында қазіргі ахуалды тұрақтандыру үшін мұнай өнімдерінің бағасына 180 күнге мемлекеттік реттеуді енгізу жөнінде нақты тапсырма берді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу, коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күнге мораторий енгізу қажеттігін қарастыру, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтары үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау мәселесін қарастыру, денсаулық сақтау және балалар мәселелерін шешу үшін «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құру, оны мемлекеттік және жеке көздер арқылы қаржыландыру жөнінде қосымша тапсырмалар берді. Президентіміз «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң әзірлеуді және Бас прокуратураға Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен бәсекелестікке қарсы басқа да іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді де тапсырды»,- деп жазды М.Әшімбаев желідегі парақшасында.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы бүгін түнде Қазақстан халқына бейнеүндеу жариялап, елді іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырғанын және Президентіміз айтқандай, дәл қазір бізге өзара сенім мен диалог керек екенін жеткізді.

«Азаматтардың қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы қаласы мен Маңғыстау және Алматы облыстарында төтенше жағдай енгізілгені белгілі. Президентіміз қабылдаған бұл шұғыл шаралар еліміздің тұрақтылығын нығайтуды көздейді. Сондықтан дәл қазір біздер үшін Мемлекет басшысының шешімдеріне қолдау білдіріп, елдің береке-бірлігін бекемдей түсу аса маңызды», - деп толықтырдырды ол.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді.