Үкімет басшысы Президенттің тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұсыныстарды бір апта ішінде әзірлеп, екі аптада жариялау қажет деді. Алқалы жиында тағы да көптеген өзекті мәселелер көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент белгілеген барлық міндеттер нақты орындалуы тиіс. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары осыған жеке жауапты болады. Дәл осылай деген Асқар Мамин министрлер мен әкімдерді Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын нақты әрі уақтылы орындау керектігін қадап айтты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың нақты табысы мен өмір сапасын жақсарту бойынша стратегиялық міндеттеріне қол жеткізу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар берді. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және әл-ауқатын арттыру ел экономиикасының дамуымен тікелей байланысты. Осы ретте инвестицияларды белсенді тарту керек және экономиканың шикізат емес секторын, сонымен қатар бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру әр министр мен әкімнің басты міндетіне айналуы тиіс», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің мәселесін шешуді Бердібек Сапарбаев та қозғады. Биылғы міндетіміз - кем дегенде 350 мың отбасын жұмыспен қамту деген Премьер-министрдің орынбасары, атаулы әлеуметтік көмек бойынша жоспарын да таныстырды. Биыл қолдау 200 мың мұқтаж отбасыға, 600 мың балаға көрсетілмек. Бердібек Сапарбаев, зейнетақы жүйесін реформалау мен қазақстандықтар және шетелдіктер жалақысын, еңбек жағдайын теңестіру жөнінде заң жобалары әзірленіп, мәжілісте қаралып жатқанын да мәлімдеді. Жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайын да айналып өткен жоқ.
«Міндетті медициналық сақтандыру енгізу бойынша өзектендіру, есепке алу, тұрғындардың мәртебесін анықтау жұмыстары жалғасын табады. Барлық өңірде құрылған жұмысшы топтары, штабтар осы жұмыспен айналысатын болады. Кеше сіздің тапсырмаңызға сәйкес, барлық облыс әкімдерінің орынбасарларымен, басқарма басшыларымен осы жөнінде селекторлық мәжіліс өткізілді. Онда тағы тапсырма берілді. Әсіресе түсіндіру, дер кезінде мәлімет, ақпарат беру жөнінен», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр әкімдіктердің ауыл шаруашылығы субсидияларын өзге мақсаттарға жұмсау мәселесін көтерді. Түйткілді шешу үшін ауыл шаруашылығы субсидияларының тиімділігін бағалау әдістемесі енгізілетінін жеткізді.
«Осы мақсатта 2020 жылы республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке трансферт - 200 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге, әкімдіктер қаржыны агроөнеркәсіптік кешенге қатысы жоқ басқа мақсаттарға бағыттау тәжірибесін тоқтатуы тиіс. Осылайша, Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге азық-түлік импортының үлесін азайту және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты қамтамасыз етеді», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.
Үкімет басшысы тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту тәсілдерін екі аптада жариялауды тапсырды. Бұл реттегі тапсырманы Мемлекет басшысы жүктегенін еске сала кетті.
Осыған орай мен министрлер мен әкімдерге, ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзімде Қаржы министрлігіне ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Қаржы министрлігі екі аптадан кейін тиімсіз бюджет шығыстарын қысқарту бойынша әзірленген тәсілдер туралы Үкімет отырысында баяндасын», - деді ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН.
Президенттің шығыстарды қысқартуға қатысты тапсырмасына Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкімет отырысынан кейінгі брифингте пікір білдірді.
«Пайдасыз шаралар болмауы тиіс. Биыл түгендеу жүргізілді. Осы жылы шығыстар 30 млрд теңгеге қысқарды. Қазір мұндай түгендеуді тағы бір өткізу тапсырмасы тұр алда. Өйткені, оңай бас тартуға болатын қандай да бір шығыстар болуы ықтимал. Мұндай түгендеуді жүргіземіз. Бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді. Бір апта ішінде шығыстарды қысқарту бойынша ұсыныс берілуі қажет», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет қаржысына қымбатты көлітер мен жиһаздарды сатып алуға жаңа мораторий жариялауды ұсынған болатын. Сондай-ақ шығыны көп форумдарды өткізуге де шектеу қойылмақ.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан