Елімізде «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

sauap.org
sauap.org
Жаңа бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6%-ға тең
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 1 шілдеден бастап отбасын жаңадан құрған жанұяларға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас отбасы» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы аталмыш банктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жаңа бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6%-ға тең, яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1%  ғана жоғары. Бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5% дейін төмендейді.

Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» «Жас отбасы» депозитін ашып, бір жыл ішінде болашақ пәтерлерінің 50% жинап бағалау көрсеткішінің «5-ші» деңгейіне жетуі керек. Депозитті ашар кезде, олардың некеге тұрған мерзімі 3 жылдан аспауы тиіс (некеге тұру туралы куәлікке сәйкес).

Қаражатты жинақтау кезінде оған жылдық 2% көлемінде банк сыйақысы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысы (200 АЕК-тен аспайтын сомаға есептелінеді) түседі. Ерлі-зайыптылар депозитті әрқайсысы өз атына ашып, кейіннен шоттарды «Отбасылық пакетке» біріктіру арқылы екі есе көп мемлекет сыйлықақысын алуларына да болады.

«Жас отбасы» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – оған қатысу барысында ерлі-зайыптылардың жас мөлшері мен отбасындағы балалар санына назар аударылмайды.

Бағдарлама шарттарына сәйкес, жас отбасылар пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Немесе жер телімін сатып алып, үй салуларына да болады. Оларға заем 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Әрбір жас отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып, өзінің жеке баспанасы болғанын қалайды. Жыл сайын Қазақстанда орта есеппен 152 мыңнан астам адам некеге тұрады. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, отбасының жеке баспанасының болмауы көп жағдайда олардың ажырасып кетуіне себеп болуда. «Жас отбасы» – жақында ғана отбасын құрып, өз арманын жүзеге асырғысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Бүгінде жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету – Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі. 2012 жылдан 2017 жылға дейінгі 5 жыл ішінде елімізде жас отбасылар үшін баспана көптеп салынды. Осы орайда, жасы 29-ға дейінгі кемінде 2 жыл некеде тұрған отбасыларға бастапқы жарнасыз, алдағы уақытта сатып алуға болатын жалдамалы пәтерлер берілді. 2017 жылы Өскемен қаласындағы жас отбасылар үшін де дәл осындай мүмкіндіктер ұсынылды.

Сонымен қатар, 2019 жылғы қаңтар айының басында аталған бағдарлама бойынша Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Алғабас» және «Саялы» ықшам аудандарында бөлінген 40 пәтер бойынша құжаттар қабылданды. Алайда бұл жас отбасылардың баспана мәселесін түбегейлі шеше алмады. «Жас отбасы» бағдарламасы республиканың барлық аймақтарында тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Оның шарттары өте тиімді әрі көпшілікке қолжетімді.

Новости партнеров