Күйік асуындағы күйзеліс: Жуалы ауданындағы тасжол қашан жөнделеді

12.04.2024 18:43

Жолды жөндеуге 6,5 миллиард теңге қаржы бөлінді

Almaty.tv

Жамбыл облысында транзиттік жолдың бөлігі талапқа мүлдем сай емес. Жүк көліктеріне арналған Жуалы ауданындағы тасжол шұрқ тесік. Тоз-тозы шыққан халықаралық трасса жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күйік асуы Тараз қаласы мен Жуалы ауданының ортасында. 1970 жылы сол Қаратау сілемдерінің арасынан 12 шақырымдық тас жол түскен. Кейін асуды тікелей басып өтетін Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі салынғанымен, тік өрге шығатын трассамен жүруге тіркемесі бар көліктерге тыйым салынды. Сондықтан жүк көліктері әлі күнге ескі шатқалдағы даңғылмен қатынайды.

– Көліктегі жүктің салмағы аз емес, ал жолдағы шұңқырға түскенде, дөңгелектері жарылып кетеді, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Саят Қаржаубаев.

Шатқалдағы даңғыл салынғалы күрделі жөндеу көрмеген. Бұралаңды бұрылысы көп тау жолымен тәулігіне 2 мыңға жуық автөкөлік өтеді. Олар жолдың әр шақырымына 30 теңге төлейді. Жүргізушілер  «республикалық жол сервистік қызметтен жұрдай, не дәретхана, не арнайы жол белгілері орнатылмаған» деп налиды.

– Не үшін жол ақысын төлейміз, түсінбеймін? Рейске барып, келген соң, көлікті жөндеуге тура келеді. Жоқ дегенде 300-400 мың теңге жұмсаймыз, – деді жүк көлігінің жүргізушісі Әбдішәкір Саидов.

Биыл «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жолдағы осы бөліктің құрылысын бастамақ. Бүгінде 6,5 миллиард теңге қаржы бөліп, мердігер компанияны да анықтаған. Құрылысшылар нысан басына жылжымалы асфальт зауытын апарып, техникаларын түгендеп жатыр.  

– 12 шақырымдық ескі Күйік асуымен бірге, осындағы жаңа  асу, диспетчерлік ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіледі, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Әбдіжапар.

Тасжолды жөндеу жұмысы 17 айға жоспарланған. Жауаптылардың айтуынша, жөндеу жұмыстарынан кейін жолда жеңіл көліктерді жүре алады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Саяжайдағы дау: Қарағандыда бау-бақшаны су басты