Баум бағы қайта қалпына келтірілмек

Баум бағы қайта қалпына келтірілмек
Аталған фестивальде қонақтар 39 мейрамханадан дәм татты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Баум бағы қайта қалпына келтірілмек. Осы уақытқа дейін жергілікті тұрғындар жарығы жоқ қалың тоғайда серуендемек түгілі қасынан өтуге қорқатын. Өткен демалыста қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бақты өзі аралап, қордаланған проблеманы түртіп алды. Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында қала басшысы газ тарату станциялары мен қала күні қарсаңында өткен «Дәмді Алматы» фестивалінде болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаяу жүргіншілер жолы, балалар алаңқайы мен жарықтандыру. Бұл – Баум тоғайының басты проблемалары. Дәл осы олқылықтар жақын күндері шешімін таппақ. Тіпті, саябақ аймағының сызбасы да дайын. Аудан билігі қалпына келтіру жобасын, жан-жануарларға зиян тигізбей жүзеге асырмақ.

Қала басшысы тоғайды абантандыру кезінде саябаққа кесірін тигізбейтін табиғи материалдарды қолдану керектігіне баса назар аударуды жүктеді. Бұдан кейін аумақты экологиялық транспортпен өзі аралап шықты.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев екінші газ тарату стансасының жұмысымен танысты. Тұрғындар осы уақытқа дейін газдың исіне тұншығып жатырмыз деп шағымданған болатын. Қала әкімі тез арада станса жұмысын жолға қойып аталған олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Тиісінше, «ҚазтрансГазАймақ» газ тазартатын қосымша сүзгі орнатыпты. Сонымен қатар, ГРС-2 қуатын Алматыдан тыс жерге көшіру және стансаны газ тарату пунктіне айналдыру да жоспарлануда.

Аталған бастаманы жүзеге асыру барысында 3750 үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

Одан өзге Бақытжан Сағынтаев Айнабұлақ маңындағы сайда орналасқан жекеменшік үйлерге де назар аударды. Ондағы құрылыс заң талаптарына жауап бермейді. Қала әкімі аталған проблеманы өз бақылауына алатынын жеткізді. Одан кейін, әкім Үлкен Алматы Арнасын да аралап, нысанды күрделі жөндеуден өткізу қажет деген тапсырма жүктеді. Келер жылдың мамыр айынан бастап оған су жіберілмек. 

Әрі қарай әкім қала күні қарсаңында ұйымдастырылған мерекені тамашалады. Орталық демалыс саябағында өткен «Дәмді Алматы» дәстүрлі отбасылық тамақ фестивалінде қала қонақтары 39 мейрамхананың тағамдарынан дәм татты.  

«Фестивальдің ерекшелігі біз мейрамхана қызметкерлерін үйреншікті жұмыс орындарынан шығарамыз. Саябаққа, таза ауамен мерекеге шақырамыз. Стритфуд стиліндегі бұл ерекше фестивальде аспаздар қала тұрғындары мен қонақтары үшін естен кетпес дәмді тағамдар дайындайды», – дейді «Дәмді Алматы» фестивалінің директоры Катерина КНАУБ.

Фестиваль осымен бесінші мәрте өткізілуде. Мұндағы басты мақсат – қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Новости партнеров