СҚО-да көмір қымбаттады

30.01.2024 18:45

Жауаптылар көмірді сатумен айналысатын субъектілердің іс-әрекетіне талдау жүргізіп жатыр

Almaty.tv

СҚО-да көмір қымбаттады. Небәрі бір айдың ішінде өңірдегі қатты отынның құны 12 пайызға дейін өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Нина Рубанова жер үйде жалғыз өзі тұрады. 69 жастағы зейнеткер көмір сатып алудың жыл сайын қиындап бара жатқанын айтты. Биыл алған қатты отынның сапасы сын көтермейді. Кейуананың айтуынша, бағаның көтерілуі жағдайды одан сайын қиындатып жіберген.

– Мен көмірді бірден сатып ала алмаймын, алдымен кепілге бір дүниемді беремін, кейін ақша пайда болған кезде толық сомасын өтеймін. Ал қазір баға 19 мың теңгеге дейін көтерілді. Үйімді жылыту үшін 100 мың теңге керек. Тағы 10 мың теңгем көмірді жеткізіп берушілерге кетеді. Алған зейнетақым, тіпті үйімді жылытуға жетпейтін болды, – деді қала тұрғыны Нина Рубанова.

Қала тұрғыны Нұрлан Әбішев те бағаның көтерілгеніне наразы. Биыл алған 3 тонна көмір сапасына ол да шағым айтты. Ол бар дүниенің рахатын көре алмай, қыстың қытымыр аязында тоңып отырғанын жеткізді.

– Сапасы нашар. Шалақында отын ғана жағатынбыз, ал мұнда бірінші рет көмір алдым, қымбат. Жанармай, газ қымбат, – деді қала тұрғыны Нұрлан Әбішев.

Аталған мәселені біржақты етуге Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті енді кіріскен. Қазір жауаптылар көмірді сатумен айналысатын субъектілердің іс-әрекетіне талдау жүргізіп жатыр.

– Көмір бағасы кен орындарында сатып алу бағасының өсуіне, сондай-ақ көмірді тасымалдау бойынша шығынның өсуіне тікелей байланысты. Демек, теміржол тарифтері мен көмірді тасымалдайтын локомотив қызметі бағасының өсті. Сондай-ақ жылдан жылға еңбекақы төлеудің қоры артып жатыр, сол себепті осының барлығы тиісінше көмір бағасының өсуіне тікелей әсер етті, – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті басшысының міндетін атқарушы Аслан Әліпбаев

Өңірде небәрі 1 айдың ішінде көмір бағасы 12 пайызға дейін артқан. Халық арасында сұранысқа ие Майқұбаның бағасы - 3,3, Қаражыра - 11,3, ал Шұбаркөлдің құны - 11,8 пайызға дейін көтерілген. Егер кәсіпкерлердің құнды негізсіз көтергені дәлелденсе, алдымен ескерту, кейін айыппұл салынбақ. Жауапты мамандар мұндай жағдайда ірі нарық субъектілерінің 5 пайыз, ал шағын кәсіпкерліктің 3 пайыз табысы тәркіленетінін ескертті.

Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысындағы жарылыс: үйінді астынан екі адамның денесі шығарылды