«Жатақхана» операциясы кезінде өрт сөндіру қызметінің мамандары Алматы жатақханаларынан 350 астам бұзушылық анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі rsk.almaty.kz-ке сілтеме жасап.
2023 жылғы 13-17 қараша аралығында Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Оның қорытындысын Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде хабарланды.
Алматы ТЖД құтқарушылары «Жатақхана» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қала жатақханаларына өрт қауіпсіздігі тұрғысынан профилактикалық тексерулер жүргізді. Іс-шараның нәтижелері туралы Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Еркебұлан Жұматаев баяндады.
ТЖД, полиция, аудан әкімдіктері, волонтерлік ұйымдар қызметкерлерінің бірлескен мобильді топ жатақханалар мен хостелдерге 20 рейд жүргізді.
- Жүргізілген рейдтер барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 350 астам фактісі анықталған. Олардың ішінде келушілерді барынша көп орналастыру мақсатымен ғимарат құрылысының жоспарын өзгерту, ұзартқыштар мен жылытқыштарды пайдалану, ақаулы электр аспаптары, оқшаулауы зақымдалған электр сымдары және тағы басқалар.
Заңсыз жұмыс істейтін, оның ішінде қайта жабдықталған жатақханалардың барлық фактілері бойынша шаралар қабылдау үшін тиісті органдарға хабарланатын болады.
Жатақханалар мен хостелдерде тұратын азаматтардың қатысуымен жалпы 3000 мыңнан астам адамды қамтитын 120 жиын ұйымдастырылды, жатақхана иелерімен өрт қауіпсіздігі алаптарын сақтау бойынша 8 дөңгелек үстел өткізілді.
Жатақханаларда тұратын азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін білу және сақтау тұрғысынан әлеуметтік сауалнама ұйымдастырылды, барлығы 70 адам қамтылды.
Рейдтік іс-шараға қатысушы Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Дарын Мұқанов мегаполис аумағында 202 жатақхана бар екенін хабарлады. Жыл басынан бері жатақханаларда 6 өрт тіркелді, соның салдарынан 9 адам қаза тапты, оның ішінде 4 бала бар.
Анықтама: «Жатақхана» ЖАШ аясында полиция қызметкерлері тіркеуі болмағаны үшін ӘҚБтК 492-бабының 1-бөлігі бойынша 25 әкімшілік хаттама, сондай-ақ ӘҚБтК 505-бабы бойынша 1 хаттама (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу) толтырды.
Осыған байланысты құтқарушылар Алматы қаласының тұрғындарынан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды және жатақханалар мен хостелдердегі өрт қауіпсіздігіне қатысты бұзушылықтардың барлық фактілері туралы «101» және «112» диспетчерлік қызметінің пультіне хабарлауды немесе e-Otinish порталында жазбаша өтініш беруді сұрайды.
Оқи отырыңыз: Алматыда ауа райы нашарлайды: жел күшейіп, жаңбыр, қар жауады