Елге келген ресейліктер қай салада жұмыс істеп жүр

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда 22,5 мың ресейлік жұмыс істейді, зейнетақы жарнасын төлеп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер немен айналысатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ресей азаматтары Қазақстанда көбіне қызмет көрсету саласында жұмыс істегенді жөн көреді. Жалпы біздің елде сол мемлекеттің 22 мыңнан көп азаматы еңбек етеді екен. Яғни бұлар зейнетақы жарнасын төлеп, заңды жұмыс істейді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін «Ұлттық жобалар» туралы баяндады. Сандарды маржандай тізіп, атқарылған ауқымды істерді айтқанымен, кулуарда тілшілер министрден қанша ресейлік жұмысқа орналасқанын сұрады. Тамара Дүйсенованың сөзінше, жыл басынан бері 8 мың Ресей азаматы екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы біздің елде 22 мың 500-ге жуық көрші мемлекеттің азаматы тер төгіп жүр екен. Бұл – ресми тіркелгендері. Яғни, зейнетақы жарнасын құятындар. Ресейліктер көбіне қызмет көрсету саласында еңбек еткенді ұнатады екен.

«72 пайыз  негізіне қызмет көрсету, 16 пайыз өнеркәсіпте, 9 пайыз құрылыста және 2 пайыз ауыл шаруашылығында жқмыс істеп жүр. Негізгі мамандықты жаңа сұрадыңыз. Енді көріп отырсыздар қызмет көрсету деп атап өттік, негізгі мамандықтар - клиенттермен жұмыс істейтін менеджерлер, бухгалтерлер, сатушылар. Автомобиль айдаушылары да бар», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, 8 мың ресейлік келіп жұмысқа орналасқанымен, ол Қазақстанның еңбек нарығына әсер етпейді. Осы күні мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылған 152 мың азаматтың 41 пайызын жастар құрайды екен. Ведомство басшысы мұндай жұмыс орындарының негізгі мақсаты – жастарға нақты дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасып кетуіне септесу. Алайда Шымкент қаласы мен Түркістан және Павлодар облыстары жастарды жұмыспен қамту ұлттық жобасы бойынша көштің соңында тұр екен. Министр екі қолға бір күрек тауып берудің тағы бір тәсілін айтты.  

«Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады. Сондықтан азаматтарымыз көшіп баратын өңір әкімдеріне осы көші-қонды қосымша ынталандырудың және кез келген азаматты жұмысқа орналастырудың өңірлік жол картасын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Үкімет отырысының соңында Премьер-министр Әлихан Смайылов жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасы туралы жеткілікті ақпарат берілмейтінін алға тартты. Сондықтан осы бағытта түсіндіру жұмысын күшейту қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ Премьер Еңбек министрлігі халыққа, әсіресе жастарға жұмыс табудың жаңа тәсілін әзірлеуді тапсырды.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров