Еліміздің ТЖМ Юрий Ильин Түркістан облысына барып, су басу мәселесіне қатысты жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Апат болған елдімекендердегі ахуалды бақылаған ведомство басшысы жауаптыларға жағдайдың күрделенуіне жол бермеу керектігін ескертіп, оның салдарымен күресуді тапсырды. Қазір облыста су тасқыны аумағынан 200-ден астам адам мен 800-ге жуық ірі қара қауіпсіз жерге көшірілген. Ал су шайып кеткен ауылдарға инертті материалдары бар 13 мыңнан астам қап төселді. Жағдай төтеншеліктердің жіті бақылауында. Облыста сондай-ақ, республикалық және облыстық штабтың «жедел желісі» жұмыс істеп тұр.
«Түркістан облысында ТЖМ-ның жедел штабы ұйымдастырылды. 300-ден астам адам, 50-ге тарта техника, 25 мотопомпа суды сорып шығаруға және ағызуға жұмылдырылған. Су тасқыны таулы жерде жауын-шашынкөп жауғандықтан және қардың еру салдарынан болып отыр», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.
Министр Сауран ауданының 4 елдімекенін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Юрий Ильиннің айтуынша, облыста қазір жағдай тұрақты. Барлық су шайған елдімекендерде қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қажет аумақтарға инертті материалдары бар 15 мыңға жуық қап төселді. Жалпы 200-ге жуық аула судан тазартылған. Ал 85 аула аумағынан 197 текше метр су сорып шығарылды.
«Қазір әкімдіктің бағалау комиссиясы жұмысын бастады. Яғни, олар су тасқынынан қандай залал келгенін саралап, шешім қабылдайды. Зардап шеккен ешбір тұрғын ескерусіз қалмайды деп ойлаймын. Біз су шайған үйлерді аралап, көріп жатырмыз. Су басқан елдімекендерде төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Өйткені жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, үйлерді қалыпқа келтіру қажет. Ең бастысы, қазір уақытша қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар өз үйіне қайтып жатыр», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.
Алдағы күндері министр Арыс пен Кентау қалаларына және Бәйдібек пен Созақ ауданына барады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Арыс қаласында бір үй су астында қалған. Ал Арыс өзенінде 3 гидрологиялық бақылау бекеті қойылған.
Мөлдір Ибадуллаева, Абзал Тұрабек, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан