Қауіпті індет елімізде тіркелгелі азық-түлік қымбаттап кетті деген ақпарат әлі де желдей есуде

Almaty.tv
Almaty.tv
Пайда табу үшін бағаны негізсіз көтергендер заң аясында жауап береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Расында базарлардағы баға қандай? Almaty.tv тілшісі Алматыдағы ең үлкен базарлардың біріне бас сұғып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан еді.

Күмісай Ережепова 20 жылдан астам уақыт ет сатумен айналысады. Айтуынша, сауда әдеттегідей. Індеттің етек алуына байланысты жаппай халықтың ет сатып алуы байқалмайды дейді. Баға да тұрақты.

«Жағдай жақсы. Еттің бағасы төмен, келісі 1950 теңгеден. Сүйексіз етті 2000 теңгеден сатамыз. Сауда әдеттегідей бірқалыпты жүріп жатыр», - деді сатушы Күмісай ЕРЕЖЕПОВА.

Сүт өнімдерін саудалаушы Азаматтың да айтары осы. Қымыз, шұбат және құрт-майдың бағасы қалыпты.  

«Бізде баға өзгерген жоқ. Бірқалыпты. Халықтың сатып алуы да бірқалыпты», - деді сатушы Азамат СЕРІКҚАЛИЕВ.

Ал, тұтынушылар болса керісінше кейбір азық-түлік түрлерінің құны қосылған дейді. Әсіресе ұн мен картопқа баға қосылған.    

«Картоп сатып алу үшін базарға барып жатырмыз, супермаркеттерге баруға қорқамыз. Короновирустің кесірінен бәрі қымбаттап кетті. Кәдімгідей қалтаға салмақ түсіп жатыр. Азырақ аламыз», - деді тұрғындардың бірі.

«Негізінен керек азық-түліктер сол ұн, вермишель, рожкилар ғой. Бағасында бұрынғыдан көп айырмашылық жоқ», - деді келесі бірі.

«Бұрынғыдай бағалар. Бәрі жақсы», - деді үшіншісі.

Кейбір азық-түлік түрлерінің қымбаттағанын шенділер де жасырмайды. Соңғы мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік тұтыну тауарларының ішінде картоп, сәбіз, пияз және қант бағасының өскенін анықтаған. Ал пайданы ойлап негізсіз бағаны көтергендер заң аясында жауап береді дейді.

«Бағаны негізсіз көтерген жағдайда сол базардың немесе сауда нысандарының бағаны өсу мониторингінің арнайы шаралар қолдану үшін кәсіпкерлік инсвестициялар басқармасына жолдаймыз. Олар әрі қарай қорытынды шығады», - деді Түркісіб ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Рүстем ӘРІПБАЕВ.

Егер сізде бағаны негізсіз көтеру фактісін байқасаңыз, онда дереу аудан әкімдіктеріне айтуыңызға болады немесе арнамызға қоңырау шалыңыз.

Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров