Суреттер Төле би және Шөкин көшелерінің қиылысындағы үй қабырғасына салынған
Алматылық суретшілер коронавируспен алдынғы шепте күресіп жүрген жандарға арналған екінші муралды салды. Граффитиде дәрігер, полицей және әскери қызметкерлердің бейнесі мен Жер шары салынған. Үй қасбетіндегі бейнені салуға екі аптадай уақыт кетіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төле би мен Шөкин көшелерінің қиылысындағы үйлердің қасбетінде тағы бір мурал пайда болды. Авторлардың сөзінше, сурет коронавируспен күресіп жүрген жандарға арналған. Туындыны салуға 35 литрге жуық сұйық бояу мен 250 дана баллон бояу кеткен екен.
Муралдың авторлары – осы азаматтар. Олар суретші ретінде індетпен күресіп жүрген жандардың еңбегіне құрмет көрсетпек болған. Идеяны іске асыру үшін қала әкімшілігіне ұсыныс айтып, суреттің эскиздерін жіберіпті. Жоба көп ұзамай қолдау тапқан көрінеді.
«Қазіргі осы карантин кезіндегі қатты еңбек етіп, адамдарға көмектесіп жатқан жандарды бейнелейтін осы үш адам Жер шарын ұстап тұрады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, астыңғы кеңістікте өрт болып жатса, Жерді өртке құлап кетпейтіндей ұстап тұратын адамдар болады. Солар қашанда Жер шарын құтқарып жатады», - дейді мурал авторы, суретші Джохар ЮНУСОВ.
«Ең алдымен біз коронавируспен күреске үлесін қосқан адамдарға осылай кішкентай болса да құрмет көрсеткіміз келді. Бұл бірінші және соңғы пандемия емес. Бұған дейін қанша эпидемия болды. Сондықтан осы сурет бір-бірімізді бағалап, қамқор болу керек екенін еске салады деген ойдамын», - дейді мурал авторы, суретші-архитектор Тамара ЕЛФИМОВА.
Граффити бейнеленген тұрғын үйдің іргесінде халық көп жүреді. Бүгінгі елдегі жағдайға бей-жай қарамайтын тұрғындар да мурал туралы өз пікірлерін білдірді.
«Әрине, мұндай естеліктер кейінгі ұрпақ үшін керек. Өте пайдалы сурет деп ойлаймын», «Маған ұнайды. Осындай суреттердің көбірек болғаны жақсы ғой. Түсін сәл ашықтау салғанда тіптен тамаша болар еді», «Бұл болашақ ұрпақ үшін бір кездері осы қалада коронавирус індеті болды дегенді білдіретін жақсы естелік», - десті тұрғындар.
Жас суретшілер тұрғын үй қасбетіне сурет салудың оңайға соқпағанын айтады. Өйткені, муралды салуға күніне 12-15 сағат уақыттарын жұмсаған. Бірақ олар үшін жұмыстың нәтижесі маңызды.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы