Прокурор оны 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді
Бүгін «өз ұлын өлімші етіп сабады» деп айыпталған Мұрат Асқароғлының ет жақындары судьяға үкімді оқытпай сот залында шу шығарды. 6 томнан тұратын іске соңғы нүкте қоюға келген қазыға үзіліс алуға тура келді. Ал ашуға булығып, процесс өтіп жатқан бөлмені бастарына көтергендерді тек СОБР жігіттері ғана сабырға шақыра алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 4 жасар баласының басын таспен жарып, жол бойына шала-жансар күйде тастап кетті деп айыпталып отырған әкеге қатысты сот өз мәресіне жетті. Қамақ мерзімі қайта-қайта ұзарып, тоғыз ай бойы тергелген атышулы іске нүкте қоятын күні арты шуға айналды. 33 жастағы Мұрат Асқароғлының туыстары судьяға үкімді толық оқуға мүлде мұрша бермеді. Шиеттей балаға келтірілген зақымдарды жіпке тізіп жатқан тұста сотталушының туғандары айғайлап жылады.
Үкімді тыңдауға түбегейлі қарсы болған сотталушының туыстары залды бастарына көтеріп, айқайға басты. Кейін тіпті оларды тыныштандыру үшін қосымша күш шақыртуға тура келді. СОБР қызметкерлері ғана сабаларына түсіре алған Мұрат Асқароғылының туғандары жәдел жәрдемнің де көмегіне жүгінді. Олар сотталушының баласына қиянат жасады дегенге сенбейді. Сөздерінше, алқабилер әділ шешім шығармады деп шу шығарды.
Өз баласын өлімге қиды деген әкеге екі бірдей бап бойынша айып тағылған. Яғни, ол қылмыс жасауға қасақана оқталып, шиеттей баланы өлім аузына тастап кеткені үшін заң алдында жауап берді. Есте болса, қылмыстық істегі прокурор оны 11 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Десе де, сот Мұрат Асқароғлыға басқа шешім шығарды. Енді сотталған 5 жылын тар қапаста өткізбек.
«Алқабилер мен сот Мұрат Асқароғлының ұлына ауыр дене жарақат келтіргеніне кәнілі деген шешімге келді. Бірақ өз баласын өлтіру туралы ойы болмаған. Сондықтан, осындай жаза тағайындалды. Жазасын өтеу ұсталған күннен бастап есептеледі. Яғни, процесс кезінде кесілген жазаның 1 жылдан астам уақытын өтеді», – деді Алматы қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Еркін МАЙШИНОВ.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың маусым айында Шығыс айналма тас жолының бойындағы тал түбінде ес-түссіз жатқан 4 жасар бүлдіршін табылған болатын. Бастапқыда полицейлер баланы көлік қақты деген болжаммен, жоқ жүргізушіні ұзақ іздеген еді. Артынша, полицейлер бүлдіршінді туған әкесі өлімші етіп ұрып, тағдыр тезіне тастап кетті деген болжамды алға тартқан.
Жадыра Омаржан, Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.