Қазақ ғалымдары дәрі ойлап тапқан түйетікен қандай өсімдік

20.09.2021 18:57

Түйетікен – тастақты беткейлерде, егістік жерлерде және далалы аймақтарда өседі

pixabay.com

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасауға түйе тікенді пайдаланатыны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бұл шөп тектес өсімдік Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Түйетікен – Қазақстанның барлық өңіріндегі шөбі тапталған шаңдақтарда, жайылымдарда, өзен бойларында, таудың тасты, тастақты беткейлерінде, жыраларда, егістік шетінде өседі. Соның ішінде бұйра түйетікен (С. crіspus) және ұсақбас түйетікен (С. pycnocephalus) жиі кездеседі.

Түйетікен - биіктігі 2 метрге дейін жететін, екі жылдық, шөптектес өсімдік. Сабағы тік өседі, жоғарғы жағында бұтақтары көп болады. Сабағының екі жағында ені 1 сантиметрдей, созылған тікенекті үлпілдегі бар. Өсімдіктің өн бойын қысқа түк басқан. Жапырақтары ірі, шеттері тікенді әрі ірі-ірі ойықтары бар. Гүлі дөңгелек, шар тәрізді, ашық қызыл түсті болады және олар өсімдіктің жоғарғы жағына орналасқан. Жаз айларында гүлдейді. Ол жолдың жиегінде, тастақты беткейлерде, бос жатқан және егістік жерлерде, далалы аймақтарда өседі.

Дәрі жасау үшін өсімдіктің гүл себетін, жапырағын гүлдеген кезінде жинап алады. Оның құрамында инсулин, флавондар мен сапониндер, алкалоидтар бар. Жалпы, бұл өсімдік аз зерттелген. Ал жүргізілген кейбір зерттеулер түйетікеннен жасалған дәрілердің жүрек бұлшық еттерінің күшін арттыратын, қан қысымын жоғарылататын, несеп айдайтын, қан тоқтататын, микробтарды жоятын қасиетінің бар екенін анықтады.

Халық медицинасында түйетікеннің жапырағы мен гүл себетінің тұнбасы ревматизмді және қуық ауруларын емдеу үшін қолданылады. Бұл өсімдіктің жүйке жүйесін тыныштандыратын және тырыспаға қарсы әсер ететін қасиеті де бар. Дене сыртындағы іріңді жараларды, тері ауруларын емдеу үшін де пайдаланылады. Болгар халық медицинасында жөтелді басу үшін, бронх демікпесін, жүректің қалыптан тыс қатты соғуын емдеу үшін қолданылады.

Теги: дәрі шөп