ЖОО-лар «Арыс, біз біргеміз!» акциясына қолдау көрсетуде

ЖОО-лар «Арыс, біз біргеміз!» акциясына қолдау көрсетуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен  Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымдары жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғындарына бір күндік еңбекақыларын аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арыс, біз біргеміз!» акциясы аясында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті оқу орнының жатақханаларынан арнайы орындар дайындады. Сонымен қатар, университеттің психолог мамандары азаматтарға кеңес беріп, қолұшын созуда. «Арыста орын алған бүгінгі ауыр жағдай барлығымыздың қабырғамызды қайыстырып, арқамызды аяздай қарыды. Осындай қиындықта отандастарымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірігіп, бауырларымызға көмек көрсетіп жатқаны көңіл қуантады. Бұл қоғамның белсенділігін айғақтайды. Азаматтығымызды білдіретін осынау игілікті істен шет қалмау мақсатында оңтүстік өңірдегі ең іргелі жоғары оқу орны – 

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы ауызбірлік танытып, арыстық ағайынға көмек көрсетуге жұмыла кірісті», – деді университет ректоры Дария Қожамжарова.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы да бір күндік жалақыларын Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге аударады.

«Арыста болған оқиғаға байланысты зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз!» акциясы басталған болатын. Игілікті шара барысында министрлік қызметкерлері мен отандық жоғары оқу орындарының ұжымы азаматтық көрсетіп, мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Азаматтық қоғамның белсенділігін айғақтайтын осынау қайырымы мол істен шет қалмау мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ұжымы мен қызметкерлері бір күндік жалақысын апаттан зардап шеккен ағайынға аударуды жөн деп тапты», – делінген университет таратқан ақпаратта.

Еске сала кетсек, Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы өтіп жатыр.

Акция аясында Мәдениет және спорт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің қызметкерлері бір күндік жалақысын, «ҚазАқпарат» ХАА ұжымы екі күндік жалақысын аудармақ. Осы бастамаға депутаттар да қосылған.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Апат салдарынан екі адам мерт болды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.

Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетіндігіне уәде берді.  Жалпы, кешегі аласапыран кезде мыңдаған ата-ана балаларынан көз жазып қалған болатын. Қазіргі уақытта олар бір-бірімен қауышты, барлығы да дін-аман.  

Новости партнеров