Жарылыстан зардап шеккен Арыс тұрғындарына батысқазақстандықтар да қол ұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орал қаласында үш жерде көмек көрсету орталығы ашылды. Қазір осы жерлерде (Н.Назарбаев даңғылы, 188, 1-қабат, 101-кабинет, Қадыр Мырза Әли, 18, 3-қабат, «Бастау» коворкинг орталығы және Ж.Молдағалиев көшесі, 19, 1-қабат, 109-кабинет) Арыс тұрғындарына аса қажетті заттар жинақталуда. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде қазірдің өзінде 15-20 ірі кәсіпорын Арысқа демеушілік көрсетіп жатқандығын жеткізді.
Сонымен қатар облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы және басқа мемлекеттік мекемелер қызметкерлері өз еріктерімен бір күндік жалақыларын аудармақшы. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, бүгін алғашқы жүк көлігі аттанбақшы. Оған 4 тонна астық, 5 тонна макарон және басқа да азық-түлік өнімдері тиелген.
Арысқа сондай-ақ құрылыс материалдары да жеткізілмекші. Бұған «Кублей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты», «Теректі май» сынды кәсіпорындар өз үлестерін қосуда.