Жапаровтан айнымайтын тараздық жігіт желі жұлдызына айналды

26.02.2021 21:34

Асқар Жамбыл облысының тумасы, Тараз қаласында туып-өскен

© kaktus.media

Қырғызстандықтар әлеуметтік желіде президент Садыр Жапаровтан айнымайтын азаматтың суретін талқылап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Nege.kz-ке сілтеме жасап. 

Белгілі болғандай, ол жігіт Асқар Байділдә есімді Қазақстан азаматы болып шықты.

Асқар Жамбыл облысының тумасы, Тараз қаласында туып-өскен. Қазір Қырғызстандағы медициналық академияда білім алуда. Оның Садыр Жапаровқа ұқсайтыны қырғыз еліне табаны тигеннен бастап айтыла бастаған.

«Ол президент болғанда маған көшеде, қоғамдық орындарда таң қалып қарайтын болды. Мұндай кезде өзімді ыңғайсыз сезініп қаламын. Бәлкім, сырт келбетім дұрыс болмай тұрған шығар деп те ойлаймын. Ал кей адамдар шыдамай, Жапаровпен туыстық қатынасым бар-жоғын сұрайды», – дейді ол. Асқардың сөзінше, курстастары да оны саясаткермен салыстыратын.

«Өзім саясатқа жақын емеспін. Саясаткерлердің ешқайсысын білмеймін және болып жатқан жайттарға назар аудармадым. Кейін Жапаров жайлы ғаламтордан біле бастадым.

Бірде саябақта қыдырып жүрсем, бір аға көз алмай қарады. Ары-бері жүріп, қарай берді. Көп ұзамай қасыма келіп, «Сен Садыр Жапаровтың туысы емессің бе?» деп сұрады. Мен «жоқ» деп жауап бердім. Ал ол қатты ұқсайтынымды айтып кетті», –дейді Асқар.

Ал әлеуметтік желіде тараған коллажды Асқарды қарындасы жасаған екен.

«Қарындасым коллаж жасап, әлеуметтік желідегі белсенді бір қолданушыға жіберіпті. Ол өз Instagram парақшасына салған. Содан тарап кеткен. Естуімше, Қырғызстанның бірінші ханымы да суретті көріп, менің жұбайына ұқсайтынымды айтқан екен. Жапаровпен кездесіп, суретке түсіп, сөйлессем деген тілегім бар», – дейді тараздық жігіт.

Асқардың жасы 28-де. Ата-анасы Қазақстанда мемлекеттік қызметте істеген, бүгінде зейнеткер. Өзі бір жыл бұрын қазақ қызына үйленген.