Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының маңызын ерекше атап өтті. Себебі оған дейін шетелде оқып келгендер біраз қиыншылықтарға тап болған. Соған қарамастан, оқуды үздік бітіріп келгендер аз емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әбутәліп Мүтәлі барлық түлектердің атынан шетелде алған білімін ел игілігі үшін жұмсайтынын айтып, уәде берді.
Осы кезде Президент «Болашақ» бағдарламасының маңызын ерекше атап өтті.
«Болашақпен» оқуға барған балалардың басқалардан ешбір айырмашылығы жоқ. Қазақтың ішінен математик те, физик те шығады. Біздің ішімізден шыққан сен сияқты балалар «Болашақтың» арманын орындаса, жақсы болар еді», - деді Н.Назарбаев.
Осы орайда Президент «Болашақ» бағдарламасына дейін шетелде оқып келген аға буынның тәжірибесі туралы әңгіме өрбітті.
«Сендер ғана емес, сендерден бұрын да ақылды ағаларың бар ғой. Мына жанымызда отырған Өмірзақ Шөкеев ағаң Мәскеуге оқуға барғанда бірінші курста бір ауыз орысша білмепті. Соңында университетті қызыл дипломмен бітіріп шықты. Көрдіңдер ме? Математика-кибернетика мамандығы бойынша оқыды. Қазір Түркістанды дүрілдетіп салып жатыр», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әр баланың жәрдемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 процентке өседі. Әкімдік қызметкерлерінің жалақысы да көтеріледі. Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.