Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға келген шығын толық өтеледі. Қарағанды облысына арнайы барған Қанат Бозымбаев халыққа осындай уәде берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындала сала, төтенше жағдай жарияланған өңірлерді аралауды бастап кетті. Ол алдымен облыстағы өзен алаптарын әуеден бақылап, қазіргі ахуалмен танысты. Тасқыннан ең көп зардап шеккен Шет ауданындағы жағдайды көзбен көрді. Бұл аймақтағы төрт ауылда 40-тан астам баспана қарғын су құрсауында қалып қойған. 300-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.
– Қарағанды облысы, Ақмола облысы, жалпы кез келген өңір азаматтарының шығыны толық өтеледі. Мемлекет көмек көрсетеді. Үйді жөндеу керек болса, қалпына келтіреміз. Егер апатты үй деп танылса, жаңа үй саламыз, сатып аламыз, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Оқи отырыңыз: Президент су басып жатқан өңірлердің біріне барады