Қазақстан алдағы 16 жылда суға өте мұқтаж елге айналады деген болжам бар
Елімізде судың «қара нарығына» мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Жаңа тәртіп тіршілік нәрін үнемдеу мақсатында енгізіліп отыр. Демек суды пайдалану мен қорғауға және қадағалауға мүмкіндік туады. Кәсіпкерлік кодекс аясында бассейндік инспекцияларға тексеріс жүргізу бастамасы қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан алдағы 16 жылда суға өте мұқтаж елге айналады деген болжам бар. Сарапшылардың сөзіне сенсек, тіршілік нәріне тапшылық ауыл мен егін шаруашылығында қатты байқалады. Қолданысқа енген ереже аталған мәселені шешуге бағытталған. Жаңа Су кодексі республика аумағындағы су ресурстарына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Пайдалану, қорғау мен мемлекеттік бақылауды күшейтуге негізделген.
– Жаңа су кодексінде уәкілетті ведомствомен бассейндік инспекцияларға қадағалау функциясы беріледі. Бассейндік инспекциялар Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабына сәйкес су ресурстарын бақылау және қадағалау функцияларын жүргізеді. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, белгілі бір нысанды тексеру үшін алдын ала бас прокуратураға тексерісті тіркеу жөнінде ұсыныс береді, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бас сарапшысы Ғалымжан Қамбарбеков.
Өткен жылы елде су заңнамасын бұзғандар 13 млн теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде 63 әкімшілік іс сотқа жіберіліпті. Бүгінде олардан 11 млн теңгеден аса қаржы өндірілді. Ендігі жерде бассейндік инспекциялар тіршілік нәрін тұтынушыларға тексеріс жүргізеді. Заңсыздыққа жол бермеу үшін бақылаушылардың қатары көбейтілген. Жаңа норма шеңберінде министрлік бассейндік инспекция штатын 1,5 есе көбейткен.
– Суды тиімді пайдалану үшін оны тиімді басқаруымыз керек. Яғни, су сырттан келсін, не іштен келсін, қанша су пайда болды, ол каналдар арқылы қалай жетті, қандай деңгейде суды жоғалтып жатырмыз деген мәліметтерді ескеруіміз керек, – деді эколог, сарапшы Елдос Абақанов.
Су саласындағы заңсыздықтардың дені көп асауды көздеп қалғысы келетіндердің кесірінен болады екен. Рұқсат етілген көлемнен артық тіршілік нәрін пайдаланатындар бүгінге дейін ережені ескермей келген көрінеді. Ендігі жерде министрлік мұндай түйткілдерді болдырмауға білек сыбана кіріспек. Ресми дерекке сүйенсек, қазірдің өзінде елде шаруашылық түгілі, 600 мыңнан астам адам таза ауыз суды таппай отыр. Ал 2040 жылы Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген болжам бар.
Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана