Республикалық бюджеттен қалаға қосымша 3 миллиард 450 миллион теңге бөлінеді
Алматыда кәсіпкерлер заңсыз жолмен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. Қала әкімдігі сондай 1350 отбасыны анықтап, оларға жәрдемақы беруді тоқтатты. Бұл туралы бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Белгілі болғандай атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып отырғандардың арасында кірістерін жасырғандар көп болыпты. Сондай-ақ, бірқатар отбасылар уақытша тіркеуге тұру арқылы көмекке қол жеткізген.
«Біз қалаға уақытша тіркеуге тұрып, балаларын өзге өңірлердегі ата-әжелерімен қалдырған отбасыларды анықтадық. Егер бізде 9350 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, олардың 20 пайызға жуығының тұрақты тіркеуі жоқ. Сөйтіп Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары біздің қаладан жәрдемақы алып жүрген. Осындай заңсыз жолмен төлем алып жүргендерді анықтау арқылы 83 миллион теңге үнемделді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Шаһар басшысы жыл соңына дейін тексеріс жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Егер көмекті заңсыз алғандар анықталса, оларға төлем бірден тоқтатылады. Бұдан бөлек Бақытжан Сағынтаев көпбалалы отбасыларды қолдауға Республикалық бюджеттен қалаға қосымша 3 миллиард 450 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді.