Қала орталығындағы тұрғын үйді жалға алу бойынша Қазақстан 107 елдің арасында 82-орында тұр
Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құны бір жылда 18%-ке қымбаттады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
2021 жылы желтоқсанда Қазақстанда жайлы тұрғын үйді жалға алу бір жылда бірден 17,5%-ке артты. Осылайша, 1 шаршы метр үшін 1,9 мың теңгеге дейін қымбаттады.
Елдің ірі қалаларында, әсіресе Алматыда бірден 40,6%-ға қымбаттады. Үштіктің ішінде Орал мен Шымкент қаласы да бар. Оралда пәтерді жалға алу 32,5%-ке, Шымкентте 31,3%-ке қымбаттаған.
Бір жылда баға ең аз өскен қала – Тараз. Мұнда бағаның өсімі 5,5%-ті көрсетті.
Шаршы метрі үшін ең қымбат баға елордада тіркелді: шаршы метріне 3,7 мың теңге. Үштікке Алматы (3,3 мың теңге) мен Ақтау (2,4 мың теңге) қаласы да кіреді. Ең арзан баға Тараз қаласында болды – шаршы метріне 1,4 мың теңге.
Қала орталығындағы тұрғын үйді жалға алу бойынша Қазақстан 107 елдің арасында 82-орында тұр. Бір жатын бөлмесі бар тұрғын үйді бір айға жалға алу құны Қазақстанда 303,85 доллар (131 948 теңге) болды.