Шараға желтоқсан оқиғасына қатысқан қайраткерлері келді
Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын жас ұрпақ ерте бастан сіңіруі тиіс. Осы мақсатта Алматы қаласында №180 жалпы білім беретін мектеп ұжымы ел тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай, мерекенің мерейін айқындайтын, «Тәуелсіздік – атқан таңым, бақ күнім!» мерекелік шарасын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шарада оқушылар тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін ғимараттардың макетін жасап, жиналушыларды тәнті етті. Шараға желтоқсан оқиғасына қатысқан қайраткерлер мен Алатау ауданының бірқатар мемлекет қызметкерлері өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін түсіндірді.
«Көптеген халықтар мен ұлыстар егемендігі үшін, бостандығы үшін күресті. Біз оны тарихтан білеміз. Ата-бабамыздың арманы болған азаттықтың ақ таңын көру біздің ұрпаққа бұйырды. Енді келер ұрпаққа байлықты ұстап тұру біздің басты мұратымыз болып табылады», – деді Алматы қалалық № 180 жалпы білім беретін мектеп директоры Ләззат ДӘУЛЕТБЕК.