Нөсер жауын: Ақтауда көпқабатты тұрғын үйді су басты

14.05.2024 19:10

МИБ мен мердігер компания өзара соттасып жатыр

Almaty.tv

Ақтауда нөсер салдарынан көпқабатты тұрғын үйді су басты. Шатырдан аққан су тұтас үйді басып, жер астындағы тұраққа жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нөсер жаңбырдан зардап шеккен ақтаулықтар 4 жыл бойы мәселені шеше алмай келеді. Жоғары санатты үй алса да, апаттан көз ашпаған тұрғындар  шатырдан қатты қарқынмен аққан суды тежей алмаған. Тіпті үйдің суағары шыдас бермей, дәліз бен лифт, сондай-ақ паркинг пен қоймалар да су астында қалған.

– Жаңбыр жауған соң жылда су кетеді. Жертөлеге төбеден су ағады. Жеделсаты ажыратылды. Жоғары қабаттағы қариялар қиналып қалды. Суағарды жөндеп беруін сұрап отырмыз. Алдыңғы жаңбырда өзіміз бітедік, – деді қала тұрғыны Марат Нұрбеков.

– Қарайған затымыз суға кетіп, шіріп жатыр. Ол жаққа кіре алмаймыз. Кілттеп тастаған. Жауыннан кейін паркинг пен қойманың есігін ашып кептірмей ме? – деді қала тұрғыны Талант Қаржаубаева.

Абырой болғанда су электр жүйесіне жетпеген. Азаматтардың айтуынша, соңы ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Ал су басып, сыз тартып жатқан паркинг тұрғындарға жалға берілгенімен, мүлдем жабық тұрған көрінеді. Жиналған көпшілік мұндағы МИБ шағым айтады. Олар «бір жыл ғана жұмыс істеген компания үйдің айналасы мен дәлізді ғана тазалап жүр» олар.

– Күрделі жөндеуге ақша жетпейді, қаражат керек. Бір үйде үш резервуар болса, екеуі істен шыққан, асты тесілген. Соны жөндеп тапсырса, қабылдап алуға дайынбыз. Төбені жөндеп, ауыз су сорғысын жөндесін, – деді басқарушы компанияның өкілі Несібелі Нұрмағанбетова.

Тұрғындар қаражат жинап, ақауды жою үшін сан мәрте жұмысшы жалдап, әрекет еткен. Қазір мұндағы МИБ мен мердігер компания өзара соттасып жатыр. Сот шешімі тараптардың құжатын реттеп, міндетін айқындамақ. Ал тұрғындарға кондоминиумды күтуден басқа амал жоқ.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Жайық деңгейі Атырау облысының 2 ауданында қауіпті белгіден асып кетті