|
25.10.2019 | 16:06
15448

Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі паркинг мәселесін талқыға салды

Олар "көлік тұратын орындарға тегіс бейнебақылау орнатылуы керек" деген 2011 жылы әкімшілік бекіткен ережеге де бағынбай отыр

Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі паркинг мәселесін талқыға салды

Қаланың паркинг жүйесі мәселесін шұғыл шешу керек! Алматыда өткен кезекті жиында Қоғамдық кеңес мүшелері осы түйткілді талқылады. Олардың айтуынша, бір жарым жылдан бері «Алматы паркинг» компаниясы қала жұртшылығының талап-өтініштерін қанағаттандыра алмай келеді,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Тексере келгенде, көлік тұратын орындарда бейнебақылау камераларының орнатылмағаны да белгілі болды. Демек, компания тұрақ үшін қаражатты ала отырып, көлік қауіпсіздігін сақтау ісіне қатысты жауапкершіліктен жалтарып отыр дейді қоғам белсенділері. Бұл өз кезегінде тұрғындар арасында наразылық тудыруда.

«Қандай талап-ережелерге сүйеніп отырсыздар? 2011 жылғы ма, әлде 2017 жылы заңсыз тіркелген ережеге ме? Сол қарардың негізінде тұраққа қою ережелеріне түзету еніп кеткен, барлық пункттер бойынша». Осылайша, қоғамдық кеңес мүшелері, қала белсенділері компания атына өз наразылықтарын білдірді. Олар көлік тұратын орындардың барлығы дерлік бейнебақылау камераларымен қамтылуы керек деген, 2011 жылы әкімшілік бекіткен ережеге де бағынбай отырған көрінеді.  

«Мен машинамды қойдым, ақшамды төледім, тұратын орын бар. Мен оған алаңадамауым керек. Базарға ма, дүкенге барамын ба, ол жерде 15 минут болсам да, 1 сағат жүрсем де, келгенде көлігім орнында тұруы керек. Егерде біреу оны сызып кетсе, алып кетсе, ұрлап кетсе, оған Алматы паркинг жауап беруі керек. Ал, олар бұл жауапкершілікті өздерінен алып тастап отыр. Сонда қалай?», – деді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің сарапшысы Төлеутай ЖАППАРОВ.

Кеңеске арнайы шақырылған заңгерлер де мұндағы бірқатар ұйымдастыру мәселелерінің шешілмегендігін алға тартты. «Құқықтық қақтығыс орын алып, бірқатар заңсыздықтар тіркелген», – дейді.

«Менің ойымша, көлікті тұраққа қою кезінде ақша төлеуден бас тартқан жағдайда жазылып берілетін нұсқама заңсыз жасалып отыр. Өйткені, ондай нұсқама заң бұзушылық кезінде тек автоматты тіркеу жүйесі болған жағдайда ғана беріледі. Ал олардың жүйесі автоматты емес. Мұнда планшет ұстаған адам тек көліктің бар-жоғын тіркеп жүреді. Содан кейін бұл мәліметтер орталыққа жіберіледі. Дегенмен, олардың көлік қоятын орындарында тіпті, өлшеуіш құрылғылары да жоқ. Демек, олардың жүйесі автоматты емес. Сәйкесінше, олардың нұсқама жазуға құқылы емес», – деді заңгер Жәнібек БАШАНОВ.

«Алматы паркинг» компаниясы өз кезегінде кеткен олқылықтарды ретке келтіріп, алдағы уақытта қоғамдық кеңес өкілдері тарапынан айтылған ұсыныстарды енгіземіз деп отыр. Олар болашақта ақылы автотұрақтар желісін ұйымдастыру мен кеңейту мәселелерін қолға алмақ.

«Иә, бұл жерін қайта қарау керек. Сізбен толық келісемін және біздің даму бағдарламамызда ол бар.  Ұсынысыңызға көп рахмет», – деді «Алматы паркинг» АҚ Заң департаментінің жетекшісі Ольга ШУМАЕВА.

Қоғамдық кеңес мүшелері «Алдағы уақытта ереженің бәрі заңды түрде өзгереді», – деп сендірді. Кеңеске бұл мәселе бойынша келіп түскен арыз шағымдардың барлығы ескерусіз қалмайды деп отыр.

Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир