Алматыдағы базарлар мен сауда орталықтарында азық-түлік бағасы тұрақты, азық көлемі жеткілікті

19.03.2020 19:11

Азық-түлік өнімдерін алуға тағы қосымша 5 млрд теңге бөлінбек

Almaty.tv

Алматыдағы базарлар мен сауда орталықтарында азық-түлік бағасы тұрақты және азық көлемі жеткілікті. Азық-түлік өнімдерін алуға тағы қосымша 5 млрд теңге бөлінбек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халыққа қажетті тауарлардың құнын бір қалыпта ұстап тұру үшін қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Ең қажетті сүт, бакалея және ет өнімдері бұрынғы бекітілген бағамен сатылып жатыр.

Қалада карантин енгізілгенімен азық-түлік базарлары мен әмбебап базарлардағы азық-түлік қатарлары толық көлемде жұмыс жасап жатыр. Халық арасында «Оптовка» аталып кеткен «Жұлдыз», «Барыс-4» сауда орындарындағы өнімдердің құны бұрынғы бағада сақталған. Азық-түлік көлемі де жеткілікті.

«Сұйық май бар, макарон өнімдері  бар, күріш бар, халыққа жетіп жатыр. Шыны керек, кешеден бері күнделікті азайған тауарды кешке қарай алып келеді. Сағат тоғызға дейін келеді. Көтерме бағамен сататындар жүк көліктерімен әкеліп жатыр. Кеше келді, бүгін де келді. Халық қорқатындай ешқандай уайым жоқ. Халыққа жетіп жатыр», – деді «Жұлдыз» базарының әкімшісі Арман САЛМҰРЗАЕВ.  


Бүгінде көкөністер мен құс етін сатып алуға 2 млрд теңге қаржы бөлініпті. Көкөністер қаладағы «Магнум» сауда желілеріне жеткізілген болса, құс еті «Small» сауда орнында орташа бөлшек бағадан арзан бағада сатылып жатыр.  

Қаладағы «Магнум» сауда орталықтарындағы азық-түліктердің бағалары тұрақты. Мәселен, картоп, сәбіз, пияз сияқты көкөністердің бағалары сол күйі сақталғанын байқауға болады. Сондай-ақ сүт, ірімшік, айран сияқты өнімдер халыққа қолжетімді бағада сатылуда.

«Барлық желілерде тұрғындарға ең керекті деген тауарладың бәрі бар. Тазалық құралдары да бар, тіпті біз жақында қолға арналған санитайзерлерді де сатылымға шығаруды жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар,  азық-түлік бағаларын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Тауар әкелушілердің әрқайсысын мұқият тексеріп отырамыз», – деді сауда желісінің PR-менеджері Дмитрий ШИШКИН.  

Бұдан бөлек қазір тағы азық-түлік сатып алу үшін қосымша 5 млрд-қа жуық қаржы бөлінбек. Қазір тұрақтандыру қорында 2 жарым мың тонна өнім бар. Бірақ бұл өнім тапшылық туындаған жағдайда ғана қолданылады.

«Бүгінгі таңда баға өсу бізде байқалмаған. Баға сол баяғы қалыпта сақталып тұр. Үлкен негізгі базарларда тек қана мааусымдық өсу болуы мүмкін. Ол көкөністерге байланысты. Ол әр жыл сайын болып тұрады», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының бөлім басшысы Дамир ТАЗАБЕК.

«Азық бітіп қалады немесе қымбаттап кетеді» деп алаңдауға еш негіз жоқ дейді басқарма өкілі. Бүгінде қаладағы сауда орындарындағы бағалардың шарықтап кетпеуі үшін және тауарлардың уақтылы жеткізіліп отыруы үшін кәсіпкерлермен арнайы штаб жұмыс істеп жатыр. Олар күніне екі рет нарықты бақылап, қажетті шаралар қолданып отырады.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев

«Алматы» телеарнасы