|
14.02.2019 | 19:26
18910

Моншаны паналап келген көпбалалы отбасыға баспана берілді

Отбасымен бірнеше сағат бұрын ескі моншада тұрған Қуаныш өзінің таңырқап қалғанын жасырмады

Моншаны паналап келген көпбалалы отбасыға баспана берілді

Алматы облысында 5 баласымен бірге тас моншаны паналап келген көпбалалы отбасыға баспана берілді. Жанболатовтар әулеті талай жылдан бері пәтер жағалап,   жағдайларын оңалта алмаған. Ақыры өзгенің ылғал моншасын жалдап күн кешуге мәжбүр болыпты. Мұны естіген аудан басшысы бірден іске кірісіп, өз үйін аңсаған қорғансыз жандарға бір-ақ күнде қоныс тойын жасап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қуаныш пен Мақпал осы уақытқа дейін бес баласымен бірге әркімнің ескі пәтерін жалдап күн кешкен. Алайда, қорғансыз жандардың қолын қаражат байлап, олар қыстың қақаған аязында тар моншада тұруға мәжбүр болды. Отбасы тозығы жеткен моншаны тұрғын үй ретінде жасақтапты. Бірақ ылғал салдарынан балалары жиі ауырып, үйі жылымайтын болған. Жағдайды естісімен, облыс әкімі өзі бастама көтеріп, отбасының баспаналы болуына ықпал етті. Сөйтіп, бес бірдей періштенің жүзіне күлкі ұялап, ата-анасы шаттыққа кенелді.

Тұрмысы нашар отбасының жалғыз асыраушысы – отағасы. Бірақ оның тұрақты жұмысқа орналасқанға денсаулығы жарамсыз екен. Қолының саусақтары дұрыс бүгілмегені былай тұрсын, көзі де нашар көреді екен. Сондықтан нәпақасын тек уақытша жұмыспен тауып жүр.

«Қалаға келгелі пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Тапқан табысым баспанаға жетпейді. Жемде жүк түсіруші болып жұмыс істейтінмін. Бірде жұмыс бар, бірде жоқ. Әйелім үйде бала-шағаға қарап отыр», – дейді  Алматы облысы Талғар ауданы Рысқұлов ауылының тұрғыны Қуаныш ЖАНБОЛАТОВ.

Жанболатовтар әулетінің әлеуметтік жағдайының ауыр екенін естіген жергілікті билік өкілдері бұған бей-жай қарай алмағандарын жасырмады. Жағдайды естісімен облыс әкімі бірден демеуші тауып, бесіктен белдері шықпай жатып баспана тауқыметін тартқан бес періштенің жүзіне күлкі ұялатты. Енді бұл жанұяның төрт бөлмелі «өз үйі, өлең төсегі» бар.

«Біз сіздердің қалай тұрып жатқандарыңызды біген бетте, мына Асхат, облыстың депутаты, міне, аудан әкімі бар, бәріміз екі сағаттың ішінде мәселені шешіп тастадық. Осы жерде бақытты болып, тағы 3-4 балалы болып, көгеріп, көктей беріңдер», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ.

«Балаларымыздың болашағы. Қуаныш бауырымыз бен Мақпал қарындасымыз жас, әлі талай балаларды дүниеге әкеледі. Сол балалар елімізді өркендететін болады, сондықтан бәріңізге рахмет», – деді кәсіпкер Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ.

Пәтер жағалап, көшіп-қонып жүрген Қуаныш пен Мақпал бұл тосынсыйға әлі де сене алар емес. Сондықтан олар қолұшын созып  көмек көрсеткен жомарт жандарға алғыстарын жаудырды.  

«Өте қуаныштымын. Бәріңізгеа рахмет. Бүгінгі осы жақсы жаңалықтан кейін өте толқып тұрмын. Қуаныштымын. Қуанышымды жеткізе алмай тұрмын», – деп көзіне жас алды көпбалалы ана Мақпал ҮМБЕТЖАНОВА.

Отбасының бұл қуанышы еселене түсті. Енді отағасы екі қолға бір күрек іздеп әуре болмайды. Атқарушы билік өкілдері оған тұрақты жұмыс тауып беруге көмектеспекші. Ал кәсіпкерлер мұнымен ғана шектелмей, көпбалалы отбасын азық-түлікпен және жиһазбен қамтамасыз етпек.


Айдана Мейрамбайқызы, Ерболат Қуанышев Алматы телеарнасы




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир