23 наурызға дейін 18 рейспен 4 мың қазақстандық оралады
Шетелде жүрген 5 мың қазақстандық турист елге қайтарылады. Ол туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, 23 наурызға дейін 18 рейспен 4 мың қазақстандық оралады. Отандастарымызды тасымалдау мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, елімізде кеселдің жолын кесу үшін кешенді шаралар мен шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді.
Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тапшылығы мәселесін болдырмауға ерекше ден қойып,бұл мақсатта 32 млрд-тан астам қаржы бөлінбек. Премьер-министрдің орынбасары халыққа бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын көтергендер қатаң жазаға тартылатынын ескертті. Өйткені қиын қыстау уақытта орта және шағын бизнеске барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, кәсіпкерлерді демеу үшін салықтан босату жеңілдіктері қарастырылған.
«Шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін, оның ішінде сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, көрмелер, жеке мүлік төленетін салықтарды және салықтар бойынша қарыздарын уақытша тоқтату. Жалпы тәртіпте жұмыс істейтін 72 мың кәсіпкерді жылдың аяғына дейін 10 пайыздық жеке табыс салығынан босату», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ
Мемлекеттік қорда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, гигиеналық заттар жеткілікті, деді Тоғжанов. Басқа мемлекеттердің экспорттаушыларымен қажетті тауарларды елге жеткізу бойынша келісімдер жасалып, кедендік бекеттер бұрынғы режимде жұмыс істеуде. Бірақ шекарадан тек жүк көліктері ғана өткізіледі. Бүгінде еліміз 4 тауар бойынша импортқа тәуелді. Ол: қант, құс еті, тұз, сары май. Ішкі нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге өзіміздің де қауқарымыз жеткілікті, деді. Ал, карантин кезінде халықтың табысын төмендетпеу басты мәселе. Бұл ретте қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына Үкімет ерекше назар аударып отыр.
«Қазіргі таңда бүгінгі жұмыс орындарын сақтаумен қатар, 431 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті алдымызда тұр. Осыған орай Үкімет тарапынан 300 млрд. теңге қарастырылып, «Жұмыспен қамту» жол картасы бүгінде әзірленді. Осыған орай жеке мекеме басшыларының, бизнес қоғамдастықтарының жұмысшыларының еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қысқартуға жол бермеу арқылы, әлеуметтік келеңсіздіктердің алдын алуға, бүкіл елді, азаматтардың барлығын шақырамыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ
Вице-премьер шетелде жүрген Қазақстан азаматтары жайлы да пікір білдірді. Алдағы күндері саяхаттап кеткен отандастарымызды елге қайтару мәселесі тұр.
«Біз шетелде жүрген 5 мыңнан астам қазақстандық туристердің елге оралуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әлем бойынша рейстердің ауқымды қысқаруы жағдайында оларды чартерлік рейстермен шығару жөнінде шаралар қабылдануда. Тасымалдау мемлекет есебінен жүргізілмейтінін атап өткім келеді», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ
Сонымен қатар, медициналық бетперделермен қамту Үкіметтің тұрақты бақылауында, деді Ералы Тоғжанов. Елімізде күніне 360 мың бетперде шығарылып жатыр. Алдағы күндері оның көлемін 1 млнға дейін жеткізу көзделуде.
Асылбек Тойбек