Қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ
Отандық білім беру жүйесі үшін де қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында осылай деп жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, Білім беру ұйымдары 100 пайыз қашықтан оқыту форматына көшуге дайын емес. Алайда орта білім беру жүйесіне қатысты үлкен жұмыс атқарылуда, қазірдің өзінде нәтиже бар, дейді министр. Ал, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басым бөлігінде ақпараттық жүйе бар және еш қиындықсыз, сәтті пайдаланып жүргендерін атап өткен. Колледждерге қашықтан оқыту барысында қиындық туғызатын кейбір пәндерді келесі курсқа қалдыруға кеңес беріліпті. Жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқытуда проблема туындамайды. Бірақ кейбір жекеменшік жоғары оқу орындары тұрақты бақылауға алынып, оларға әдістемелік және техникалық қолдау көрсетіліп жатыр, делінген жазбада. Қашықтан оқыту барысында білім алушылар бейне-сабақтарға қатысып, тапсырмалар алып отырады. Телеарналар арқылы сабақ өткізуі де мүмкін. Бұл тетік, әсіресе, интернет қуаты әлсіз және қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиындығы бар ауылдық білім беру ұйымдары үшін өзекті. Министрлік 6 сәуірден бастап жаңа форматта сабақ алуға бейімдеуге кіріспек.