Тамшы суға зар болдық: ақтаулықтар күре жолды жапты

elements.envato.com
elements.envato.com
Облыстағы су тапшылығы шамамен 40 мың м3 құрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтауда су мәселесіне байланысты дау ушықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Аптап ыстықта шөлден тарыққан жұрт 16 және 19-шы ықшамаудан арасындағы күре жолды көлденең жапты. Салдарынан көлік қозғалысы кідіріп, кептеліс болған. Ақыр соңында жергілікті билік мәселені түсіндіріп, тіршілік нәрін тасымалмен жеткізіп беруге келісті.

Жоғарғы шағынаудандарға үш күн бұрын ауыз су арнайы кестемен келіп тұрған. Соңғы мұлде тасымал тоқтатылған. Амалы таусылған халық көшеге шығып, жолды жауып, жергілікті биліктен су сұрады.

Ындыны кепкен жұрт ызалы. Олар кездесуге келген жергілікті билік өкілдеріне бір ғана талап қойды. Ол - ауыз су беру. "Ел сөзін естідік" деген өңірдегі басқарма басшысы халыққа жағдайдың мән-жайын түсіндірді. Билік өкілінің сөзінше, қазір Ақтауға қарасты барлық өндірістік нысандар мен суға тәуелді шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысына шектеу қойылған. Енді су беретін МАЭК кәсіпорыны “үнемдеу” жүйесіне көшкен көрінеді.

- МАЭКтің өнімділігі түсіп кетуіне байланысты айтып отырмын. Мен табиғатқа ештеңе жасай алмаймын. Мына жерде уәде беріп, сіздерді алдағым келмейді. Күн ысып кетуіне байланысты, судың температурасы 28 градус болса, қазір 26 градус жоғары болып тұр. Сіздерде түсініңіздер. Біз үнемдеу жүйесіне көшіреміз. Басқа амалымыз жоқ, - дейді Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдеш Түркменбаев.

Даудың соңында МАЭК мекемесінің өкілі таңғы сағат 08:00-де үйге су жіберетінін айтты. Ал оған дейін жан бағу үшін көпшілік тасымалмен тіршілік нәрін жеткізіп беруді сұрады. Көп ұзамай тұрғындардың талабы орындалып, су тасыған көліктердің төбесі көріне бастады. Тіршілік нәріне зар болған халық ыдыстарымен үйлеріне су тасып алды.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай осы мәселеге қатысты жиын өткізді. Ауыз су бірінші кезекте тұрғындарға берілуі тиіс. Бұл туралы әкім басқарма басшыларымен кездесуінде айтты.

Айта кетейік, қазір облыстағы су тапшылығы - шамамен 40 мың м3. Соның ішінде Ақтау қаласына тәулігіне 20-25 мың м3 ауыз су жетпейді. Облыс басшысы осы аталған бағытта атқарылып жатқан барлық жұмысты кідіртпей, жобаларды уақытылы орындауды тапсырды.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, "Алматы" телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Оралда 17 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды

Новости партнеров