Қайырымдылық керуені: Байқауға қатысып бақ сынаған алматылықтар марапатталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам өтініш түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жомарт жандардың еңбегі еленді. «Қайырымдылық керуені» байқауына Алматы қаласы атынан қатысып, бақ сынағандарға алғыс хат пен сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Республикалық конкурс жеңімпаздарын марапаттау салтанаты таяуда Астана қаласында өткен еді. Қатысушылардың бәрі де қоғамға өз пайдасын тигізіп, үлгі болар ісімен алғыс арқалап жүрген жандар. Биыл бесінші рет өткізілген байқауға түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар қатысуға ниет білдірген.

«Бүгін байқауға қатысып, жеңіс тұғырынан көріне алмаған конкурсанттарды арнайы шақырып отырмыз. Алматы қаласынан 41 адам қатысқан еді. Оларға алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды. Байқаудың мақсаты да сол – кеңпейіл жандардың игі ісін көпшілікке насихаттау», – деді  Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева

Биыл байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан астам өтініш түскен. Олардың ішінен 7 номинация бойынша 42 адам жеңімпаз атанды. Алматы атынан қатысқандардың бірі – Бибігүл Дәндіғараева. Ол қаңтар қырғыны кезінде Орталық мемлекеттік музейді бүлікшілерден қорғап, көптің есінде қалды. Қызметкерлердің қайсарлығы мен табандылығының арқасында мұражайдағы 300 мыңнан астам жәдігердің біреуіне де залал келген жоқ.

«Сол дүрбелең кезінде шабуылшылар музейге кіріп, өрт қойғанда, тоналғанда қандай жағдай болатын еді. Біз ұлттық мұрамыздан айырылатын едік қой. Тарихымызға қауіп төніп тұрды. Ол менің қызметтік міндетім. Маған артылған жауапкершілік еді», – деді «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының қатысушысы Бибігүл Дәндіғараева.




Новости партнеров