Тестілеу уақыты ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады
Қарулы Күштер тарихында алғаш рет цифрлық қызметке тағайындалатын офицерлер іріктеуден өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Конкурстың қорытындысына қарай 13 үздік офицер цифрландыру бойынша Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, Бас штаб бастықтарының орынбасары, әскер түрлері штабтарының және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бастығы лауазымына тағайындауға ұсынылады.
Байқау онлайн-режимде өтеді. Оған Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы күштердің әскери басқару органдарындағы басшылық лауазымында кемінде 2 жыл тәжірибесі немесе 5 жылдық әскери қызмет өтілі бар офицерлер қатысады. Қарулы күштерде кемінде 5 жыл әскери қызмет өтілі бар запастағы офицерлер де өз мүмкіндігін сынай алады.
Қорғаныс министрлігінің Ақпараттандыру департаменті конкурс өткізудің бірыңғай алгоритмін әзірледі. Үміткерлер тіркелу, нормативтік құқықтық актілер жайында білімін көрсету үшін емтихан тапсырып, IQ және SHL тестілеуінен өту керек. Осы кезеңдердің нәтижелеріне сәйкес 50 үздік офицер іріктелетін болады.
Конкурсқа қатысушыларды комиссия кездесуге шақыртып, онда олар цифрландыру жөніндегі өз идеясын ұсынады. Презентация "мәселе-шешім-қорытынды" алгоритміне негізделген.
Соңғы кезеңде іріктелген 30 үздік кандидат Қорғаныс министрлігі басшылығымен жеке әңгімелесуден өтеді. Осыдан кейін лауазымға тағайындау туралы шешім қабылданады.
Барлық сынақтардан өткен офицерлер екі ай ішінде арнайы курстардан өтеді. Олар қорғаныс ведомствосының бірыңғай цифрлық даму саясатының бастамасына қатысушы және жолсеріктеріне айналады.
Тестілеудің уақыты ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
Байқау шарттарымен сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.youtube.com/watch?v=z2us9l5hE4A