Алғыс айту күні: Алматыда әлеуметтік орталықта мерекелік концерт өтті

01.03.2022 19:16

Бүгінде орталықта 300-ге жуық қария тұрады

Almaty.tv

Алғыс айту күніне орай «Шаңырақ» әлеуметтік орталығында мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Игі шараға «Рухани жаңғыру» кеңсесі мұрындық болды. Ал Алматы қаласының жастары бұл іске белсене атсалысыпты. Олар қазыналы қарттарға өз алғысын жеткізіп, өнер көрсетті.  

«Бүгінгі іс-шара біріншіден, бүгін көктемнің алғашқы күні болғандықтан, осы орталықта тұратын қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандардың көңіл-күйін көтеруге және бір-бірімізге алғыс білдіру мақсатында өткізіліп отыр. Барша ұйымдастырушы мен қатысушыларға алғыс білдіреміз», - деді «Шаңырақ» әлеуметтік орталығының мәдени ұйымдастырушысы Нәзира Жүсіпбекова.

Бүгінде орталықта 300-ге жуық қария тұрады. Олар ұйымдастырушыларға зор алғысын білдіріп, марқайып қалғанын айтты.

«Осындай шара өтіп жатқанына қуаныштымыз», - деді «Шаңырақ» әлеуметтік орталығының тұрғыны Айымторы Тайғалинова.