Елімізде тұтынушылар құқығын қорғайтын омбудсмен институты енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа заң жобасы әзірге әзірлік үстінде. Ол тұтынушылар, ғылыми қызметкерлер мен сарапшылардың ашық талқылауынан соң қабылданады.
«Соңғы жылдары мемлекетіміз кәсіпкерлік саласына көп көңіл бөліп жатыр.Тиісті заң қабылданып, мекемелер құрылып жатыр. Бірақ қазір басқа мәселе туындап жатыр. 1990-1991 жылы заң бойынша тұтынушыларls қорғау туралы норма болды. Мысалы тұтынушылар бірлестігі олардың мүдделері үшін сотқа жүгінген кезде және сот сол талап арызы қанағаттандырған кезде жосықсыз кәсіпкерден 30 пайыз айыппұл өндіріп алатын еді. Қазір ондай норма деген жоқ. Себебі, 2010 жылы жаңа заң қабылданған кезде сол норманы жоғалтып алдық. Ол нормаға сәйкес кәсіпкер дау туындаған кезде, айыпұлдан құтылу үшін сотқа дейін шешуге тырысатын еді. Бірақ норма алынып тасталғанына 12 жыл болды. Кәсіпкерлер тұтынушылар талаптарына немқұрайлы қарайды. Сондықтан біздер қалпына келтіру ісін қолға алдық», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі комитет төрағасының орынбасары Серік Құсайынов.
Заң жобасы келер жылдың екінші жартысында күшіне енуі мүмкін.
«Бізде министрлік аралық заңнамалық комиссия бар. Сол заңнамада сәуір айында тұжырымдама қабылданды. Қазір заң жазуға көштік. Мемлекеттік орган және ұлттық кәсіпкерлер палатасы, басқа да мүдделі мекемелерменақылдасып жатырмыз. Жылдың аяғында мемлекеттік органдар алдында жауап береміз. Заңды қабылдадық. Мәжілісте қаралады, келер жылдың екінші жартысында заң күшіне енеді деп ойлаймыз», – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі комитет төрағасының орынбасары Серік Құсайынов.