Алматылық тәртіп сақшыларына 125 миллион теңгеге 500 қорғаныс костюмі сатып алынды деген ақпаратты қаланың бас полицейі жоққа шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Желіде тараған ақпарат жалған дейді Қанат Таймерденов. Оның айтуынша, қол астындағыларды арнайы костюммен қамтамасыз етпек болғаны рас. Бірақ қорғаныс киімінің сапасы бағасына сәйкес келмеген.
«Иә, ол костюмдерге біз тапсырыс бергенбіз. Бірақ олардың 10 жылдық өтеу мерзімі бар әрі техникалық сипаттамасы өзгеше екен.Әлеуметтік желілерде 15-60 мың теңге аралығында тұратын костюмдерді 250 мың теңгеден сатып алып жатыр деп айтқан. Костюмдердің бағасын біз анықтаған жоқпыз. Үлгі ретінде жіберді. Біз қарадық. Бірақ сатып алған жоқпыз. Сапасы мен бағасы көңілге қонбады. Содан соң 11-і күні жұмыс болғандықтан, шарттың келісімін бұздық. Бірде-бір костюмді алған жоқпыз», - деді қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.
Сондай-ақ, арнамызға берген сұхбатында Қанат Таймерденов блок-бекеттердегі жағдайға да тоқталып өтті. Айтуынша, төтенше жағдай режимі күшін жойғанымен, қала аумағында әлі 25 блок-бекет істеп тұр. Одан рұқсат етілгендер мен саяжайға баратындар емін-еркін өтіп жатыр. Ешқандай кептеліс жоқ. Блок-бекеттерде 2 ауысыммен 560 полицей қызметте жүр.
«Блок-бекеттердегі әскери қызметкерлер кеше кетті. Қазір ол жақтарда тек біздің қызметкерлер Алматы облысының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Әскерилер кеткенімен, өзіміздің ішкі резервтегі қызметкерлер солардың орнын толтырып жатыр. Қазір блок-бекеттерде тек полиция қызметкерлері ғана жұмыс істеп жатыр», - деді Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.