VetLab: еттің сапасын QR-код арқылы анықтауға болады

22.07.2024 19:17

Ауыл шаруашылығы министрлігі бірегей цифрлық жүйені іске қосты

Almaty.tv

Еттің сапасы мен жарамдылығы жайлы ақпаратты QR-код арқылы білуге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бірегей цифрлық жүйені іске қосты. Жаңа жоба малдарды тексерусіз сойып, сатуға жол бермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«VetLab» цифрлық жүйесі елдің барлық аймағында іске қосылып, тиімділігін көрсетіп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі енгізген жаңашылдық тұтынушыға еттің сойылғанынан бастап, сөреге жеткенге дейінгі кезеңді қамтиды. Өнімді ветеринарлық-санитарлық сараптау жүйесінен өткізу үшін арнайы қасапханаларға апарады. Бұл малды тексеріссіз соймауға, тексеріс пен лабораториялық сараптаманы жоғары дәлдікпен жасап шығаруға мүмкіндік береді.

– Мал өнімдері өңірлерден келеді. Сайрам ауданынан жылқы етін әкелген мал иесінен құжатты алдық. Былтыр қазаннан бері елімізде пилоттық жоба жүріп жатыр. Әр сатушы қажетті көлемде ет алады, – деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы Рзагелді Есенов.

Ветеринариялық-санитарлық сараптамадан өткен соң еттің құжаты дайындалып, акт шығады. QR-код қалыптасқаннан кейін, ол сату орындарына орналастырылады. Цифрлық жүйе дүниежүзілік тәжірибенің негізінде құралған. Министрлік бұл жобадан бөлек, ведомствода өзге де маңызды бағдарламалар барын атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария саласындағы процестердің бәрін цифрландыру мақсатында «VetLab» жүйені қосты. Өткен жылы қазанда 4 облыста пилоттық жоба іске қосылды, Жаңа жылдан бастап барлық өңірге енгізіліді. Жүйеге инспекторлар, аумақтық инспекцияның инспекторлары, сою орнындағы және ветеринарлық зертхананың дәрігері сияқты 1500-ге жуық ветеринарлық маман тіркелген. Сндай-ақ тірі малға арналған «Төрт түлік» деген бағдарлама бар, бірнеше жоба жүріп жатыр, – деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша бөлім басшысы Қуаныш Ермағамбетов.

Базарға келіп, «қай жердің еті?» деп сұрамай-ақ ұялы телефоныңыздан сканерден өткізіп, арнайы ветеринарлық жүйе арқылы еттің еркек немесе ұрғашы, қай өңірде келген, иесі кім болған, қай уақытта сойылғаны жайлы ақпаратты біле аласыз.

– Етті сатып алушылар «қай жердің еті, қашан сойылған, жасы қаншада?» деп сұрайтын. Жүйе өте ыңғайлы. QR-код арқылы жауап бере аламыз, тұтынушылар да көре алады, – деді кәсіпкер Ася Төлегенова.

Цифрлық жүйе арқылы 117 мыңнан аса ветеринарлық анықтама мен 438 сараптама нәтижесі шықты. Сынақтан өтпеген ет қайта тексеріске жіберіледі.

Айта кетейік, жоба жыл соңына дейін пилоттық режимде істейді.

Айкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қауын мен қарбыз қанша тұрады