Өнім қурап қалды: Ақтауда бағбандар дабыл қақты

27.06.2024 21:29

Қала көркін ашсын деп отырғызылған көшеттердің жағдайы мәз емес

Almaty.tv

Ақтауда бағбандар «өнім қурап қалды» деп дабыл қақты. МАЭК су беруді тоқтатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Светлана Кузнецова 27 жылдан бері көкөніс пен жеміс-жидек өсірумен айналысады. Алғашқыда кәсіпті жүз шаршы метр жерден бастаған ол бақшаның аумағын бірнеше сотыққа ұлғайтқан. Жеміс алқабын бір суарғанда  800-900 литр су қажет. Соған сай, өнімін де алып отырған. Енді бірнеше жылдық еңбек тіршілік көзінің жоқтығынан қурап кетті.

Осы 300 шаршы метр бірнеше отбасыны асырап келді. Шие суарылмай күйіп кетті. Астраханнан әкеліп отырғызған көшеттер қурап қалды, – деді бағбан Светлана Кузнецова.

– Суару кестесінің уақыты сақталмады. Үш аптадан бері су жоқ. Ыдысқа жинаған азғантай сумен суарып жүрміз. Бірақ құлпынай, таңқурай қурап, бітуге айналды, – деді бағбан Сисенғали Оразов.

Аймақта ауыз суды тұтыну көбейгенде немесе теңіз  суының температурасы көтерілгенде, шаруашылыққа су беру уақытша тоқтатылады. Бұл туралы шаруалар мен МАЭК мекемесінің арасындағы келісімшартта жазылған. Тірлігі тіршілік нәріне байланған  Ақтау көшелері де абаттандырылмай тұр. Үш ай бұрын ғана қала көркін ашсын деп отырғызылған көшеттердің жағдайы мәз емес.

– Ауыз су тапшылығына байланысты шағынауданның іші мен саябақтардағы жасыл желектерді суару кестесі түнгі ауысымға өтті. Өйткені күндіз судың қысымы өте нашар. Кестеге сәйкес суару жұмыстары жүріп жатыр. Қазір бұл мәселе мердігер мекеменің жауапкершілігінде. Егер уақытылы суарылмай, қураған ағаштар болса, орнына басқа көшеттер отырғызу – олардың міндеті, – деді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұрбол Әділов.

Мамандар 2019 жылы ағаш пен бұтаға статистикалық санақ жүргізген. Соған сәйкес, олардың саны 90 мыңға жеткен. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға азайған. Көпті алаң қылып, көшетті қуратқан судың жыры жақын күндері бітпейді. Мәселе күннен-күнге ушығып бара жатыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау

Оқи отырыңыз: Ақтауда теңіз жағалауы тазартылып жатыр