Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің үздік сарбаздары мен сардарларына 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрықтарымен марапаттар табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Марапаттарды 5571 әскери бөлімінің командирі полковник Оспамбеков Бақдәулет Оралұлы табыс етті.
Ұлттық ұлан сарбаздарын құттықтау үшін Алматы қалалалық мәслихатының депутаты Шухрад Шардинов, Алматы қалалық Полиция департаментінің полиция полковнигі Нұрлан Нұрсайытов және әскери бөлімнің ардагері отставкадағы полковник Александр Зелинский әскери бөлімге арнайы келді.
Айта кету керек, жақында запасқа шығатын 1-2021 шақырылым сарбаздары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан командирлік қол сағаттармен марапатталды.
Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің атқаратын негізгі қызметі – Алматы қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін күзету. Қала тыныштығының сақшылары. Олар – құқықтық тәртіп сарбаздары.